ҚазҰУ ғалымдары идеал емес плазма физикасы бойынша өтетін 15-ші Халықаралық конференцияда өз зерттеулерін ұсынады
Идеал емес плазма физикасы бойынша өтетін 15-ші Халықаралық конференцияға 30 елден 120-дан астам жетекші мамандар қатысады.
Ал конференция ертең, 31 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болады, деп хабарлайды аталмыш жоғары оқу орнынының баспасөз қызметінен.
Қазақстанда мұндай тақырыптағы шара тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін ол АҚШ, Германия, Ресей, Испания, Франция және Италия сынды елдерде болған. Халықаралық ұйымдастыру комитетінің мұндай жоғары дәрежедегі ғылыми форумды Қазақстанда өткізу туралы шешімі - отандық ғалымдардың әлемдік ғылымға қосқан үлестерін жоғары бағалағандығын білдіреді.
Шақырылған қонақтардың ішінде плазма физикасы бойынша есімдері әлемге әйгілі классик ғалымдар бар. Олар: Вернер Эбелинг және Герд Репке (Германия), Дойч Клод (Франция), Габор Калман (АҚШ), Осаму Ишихара (Жапония). Конференцияның құрметті қонағы - Ресей ғылым академиясының президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Владимир Фортов. Ол пленарлық отырыста баяндама жасайды.
Форумның маңыздылығы өте жоғары. Өйткені, көптеген заманауи жоғары технологиялық өндірістер плазмалық технологияға негізделген (чиптер өндірісі, микро және нанотехнология, ядролық және термоядролық энергетика, ғарыш технологиясы және тағы басқалар ). Олардың ғылыми негізі, әрине плазма фзикасы.
Айта кетелік, «Томпсон Ройтерс» дерекқорының мәлімдемесіне сәйкес, плазма физикасы саласында еңбек ететін қазақстандық ғалымдардың алдыңғы қатарлы әлемдік ғылыми басылымдарда жарияланған еңбектеріне күні бүгінге дейін шетелдік ғалымдар тарапынан 2 мыңнан аса сілтеме жасалыпты. Бұл үлкен көрсеткіш, - дейді мамандар.
Дереккөзі: inform.kz