Өзектi

Ұлт жоспарын жүзеге асыруда ғылым-білімнің, тәрбиенің рөлі ерекше болмақ - Т.Рысқалиев, философия ғылымдарының докторы, БҚО

14.08.2015

5515

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда, қоғам мен ұлтты жаңғыртуда ғылым-білімнің, тәрбиенің рөлі ерекше болмақ. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев мәлім етті.
Оның айтуынша, бес институттық реформаның 63, 77, 78, 79-қадамдарында осы мәселелерге айрықша мән берілген.

Елбасы қабылдаған бағдарламалар, алға қойған міндеттер әрқашан өзінің тиянақтылығымен, қисындылығымен, жан-жақтылығымен, нақтылығымен ерекшеленеді. Олардың ойдағыдай орындалатынына сенім мол.

Қоғамдық өмірде де, әр адамның өмірінде де тоқтап қалуға болмайды. Қозғалыс - өмір заңы. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан үнемі алға жылжып келеді. Бір мақсатты жүзеге асырғаннан кейін тоқмейілсіп тоқырап қалмай, келесі күрделі межені анықтау керек. Биік мақсаттарға ұмтылу адамға да, қоғамға да күш береді, мүмкіндіктер туғызады, жігерге жігер қосады. Президент Н.Назарбаевтың ел басқару саясатының бір ерекшелігі - өнебойы алдағыны болжап көре білетіні, оқиғалардың артында қалмай, алдында жүретіні.

Егемендік алған сәтте-ақ ең алдымен саясатқа емес, экономикаға көңіл бөлеміз, деді. Бұрынғы одақтас республикалардың бір-бірінен алшақтамай, қалыптасқан қатынасын жалғастыруды ұсынды. Сөйтіп, ТМД деген одақтастық дүниеге келді. Шикізатпен шектеліп қалмай, әр алуан өндірісті, кластерлерді дамыту мәселесін қойды. Қазір мұнайдың, шикізаттың бағасы күн сайын құлдырап жатса да, еліміз қарқынды дамуын жалғастырып келеді. Қазақстан халқының үштен бірін орыстар құрайтын жағдайда Ресеймен тиімді байланыстың рөлін түсінген Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынды. Қазір бұл идея жүзеге асты. Елдің астанасын Алматыдан Қазақстанның орта тұсындағы Ақмолаға көшіріп, жаңа Астананы тұрғызу, «Қазақстан - 2030», «Қазақстан - 2050» стратегиялық бағдарламасын ұсынып, бірте-бірте іске асыру, сөйтіп, дамыған елдердің қатарына қосылу, Қазақстанды бүкіл әлемге мойындатып, халықаралық қатынастың субъектісі болу, сол үшін еліміздің кандидатурасын ЕҚЫҰ төрағалығына, ЭКСПО-2017-ні өткізуге ұсыну, төрағалықты биік деңгейде атқару, әлемдік экономикалық, қаржылық, саяси дағдарыстардың алдын алу сияқты тарихи міндеттердің басы-қасында үнемі Елбасы тұрғаны - халқымыз ғана емес, бүкіл әлем мойындаған шындық.

Еліміздің аз уақытта қол жеткізген тарихи табыстарының кепілі Президентіміз дәйектілікпен жүргізіп келе жатқан саясат - Қазақстан халқының бірлігі, тыныштық пен татулық, саяси тұрақтылық, соның ішінде қара шаңырақтың иесі қазақ халқының ауызбіршілігі болды.

Бүгінде еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып, бәсекеге қабілеттілігін іс жүзінде дәлелдейтін дәрежеге жетіп отыр.

Қазақстан халқының Елбасына деген сенімі биылғы жылғы сайлауда айқын көрінді: халықтың 97,7 пайызы ел келешегі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді.

Өзінің сайлауалды тұғырнамасында Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы міндеттерді айқындайтын бес институттық реформаны ұсынды, бес ішкі міндеттерді анықтады. Бұлар: елдегі орта таптың үлесін ұлғайту, біртұтас нарық құрып, барлық өңірлерді бірдей дамыту, ел ішіндегі ұлт бірлігін нығайту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту.

Елбасы Үкіметке, Парламентке, әкімдіктерге, елдің әрбір азаматына алда тұрған күрделі міндеттерді іске асырудың нақты жолдарын белгілеп, «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарын жариялады. Бұрын да, бүгін де басты нысана - халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс деңгейін, өмір сүру сапасын көтеру. «100 қадам», - деп атап көрсетті Президент, - бұл - біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз... Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені реформалар Қазақстанның әрбір азаматының қатысуын талап етеді. Реформалар - тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Олардың мәні - ұлтты жаңғыруда».

«Ендеше, Елбасы біреу, тіреу де өзі, біз соған сүйеу болып, реформалардың орындалуына ел болып атсалысуға тиістіміз», деп түйіндеді ойын Т.Рысқалиев.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар