Қыздар университеті мемлекеттік білім гранттарына іліге алмаған «Алтын белгі» иегерлеріне Ректор грантын ұсынады
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мемлекеттік білім гранттарына ілінбей, оқуға түсе алмай қалған «Алтын белгі» иегерлеріне Ректор грантын ұсынады. Бұл туралы бүгін аталмыш жоғарғы оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазіргі уақытта қоғамда мемлекеттік білім гранттарына іліге алмаған «Алтын белгі» иегерлері туралы қызу талқыланып жатқаны белгілі. Осыған байланысты, егер «Алтын белгі» иегерлері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жоғары білім алғылары келетін болса, оларға Ректор гранты ұсынылады. «Бұл қолдау, ең алдымен, еліміздегі дарынды балаларға деген қамқорлық», - дейді оқу орын басшылығы», - делінген мәлімдемеде.
Айта кетелік, 2014 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Foundation (IFY) халықаралық бағдарламасы қолға алынып келеді. Университетте қосымша білім беру модулі бойынша 15 бағдарлама жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Қыздар университеті қосдипломды білім беру жүйесіне көшіп, әлемнің жетекші ЖОО-ларымен қосдипломды білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырып келеді. Ұлттық аккредитация агенттігінің қорытындысы бойынша Қыздар университеті 2015 жылы Қазақстандағы 40 жетекші университеттің арасында 7-ші орынға көтерілді.
Дереккөзі: inform.kz