Д. Нүкетаева: «100 нақты қадам» - ұлт пен ұлыстарды ұйыстыратын, ұтқыр идеяға құрылған ортақ іс
Алматыдағы Қыздар университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы Камал Бұрхановтың қатысуымен Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформаны талқылауға арналған жиын өткен болатын.
Оған аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Динар Нүкетаева, сонымен қатар проректорлар, декандар және оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Өз сөзінде Динар Нүкетаева 100 нақты қадамның маңызына тоқтала келіп, оны жүзеге асыру мақсатында университетте арнайы жоспар жасалып, басшылық құрамға, проректорларға және факультет декандарына нақты тапсырмалар жүктелгендігін айтты.
«100 нақты қадамнан құралған Ұлт жоспары біржақты дайындалған жоспар емес. Бұл - еліміздің даму тетіктерін анықтаған, білім-ғылым, медицина, экономика, сот және мемлекеттік қызмет секілді көптеген салаларға баса назар аударылған ауқымды идеологиялық күш. Бұл жоспар еліміздегі кез келген маман иесіне мемлекетті дамыту үшін нәтижелі жұмыс атқаруға серпін береді», - деді Д. Нүкетаева.
Сонымен қатар, Динар Жүсіпәліқызы бұл жоспардың педагогика саласын дамытуда маңызды роль атқаратындығын айрықша атап өтті.
«Ұлттық мәнге ие жоспар педагогика саласы үшін де өте маңызды. Жастарымыздың ең білімді, ең сауатты да қабілетті маман болуы үшін оларды оқытатын мамандарымыздың өзі бәсекелестікке тойтарыс беретіндей кәсіби деңгейі өте жоғары болулары керек. Елбасының 100 нақты қадам аясында білім, ғылым саласын дамытуға арналған 7 тапсырмасы бар. Солардың ішінде жоғары оқу орындарына арналған мына тапсырманы атап өтуге болады. Ол: Назарбаев Университетінің тәжірибесін, әзірлеген тапсырмаларын басқа жоғары оқу орындарына кеңінен енгізу және пайдалану. Яғни мұндағы басты мақсат - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін және жаңа технологияларды терең меңгерген жоғары білікті мамандар даярлау. Біз педагогикалық университет болсақ та, ғылыммен айналысуды дұрыс жолға қоюымыз керек. Өйткені ғылымы дамыған елдің болашағы зор», - деді Д. Нүкетаева.
Дереккөзі: inform.kz