Ғылыми жаңалықтар

Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығының білім беру курстары

09.07.2015

5139

2015 жылғы 6-8 шілде аралығында Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығының (EANS) білім беру курстары өтуде. Оның ұйымдастырушылары «Қазақ нейрохирургтер қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігі мен Ұлттық медициналық холдингтің «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ.

EANS курстары дәстүрлі болып табылады және Еуропада көптеген жылдар бойы өткізіліп келеді. Курстардың негізгі мақсаты – нейрохирургиялық аурулар және оларды емдеудің қазіргі заманғы әдістері туралы жаңа ақпаратты нейрохирургтерге ұсыну. Курстарға еуропалық нейрохирургияның білікті мамандары келіп, лекциялар мен дискуссиялар шеңберінде өз тәжірибелерімен бөлісуде, сондай-ақ курсанттарға белгілі бір жағдайлар бойынша дұрыс шешім қабылдауға көмек көрсетуде.

Орталық Азия өңірінде JCI стандарттарына сәйкес аккредиттелген нейрохирургиялық орталықтың болуы арқасында 2013 жылдан бастап Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығының білім беру курстарын Астана қаласында өткізу мүмкіндігі туып отыр. Биылғы жылы Орталық базасында өтіп жатқан курстар тамырлы және омыртқа нейрохирургиясы мәселелеріне арналады.

Осы жылы Астана қаласында Ресей, Франция, Чехия, Эстония, Түркия, Израиль, Ирландия, Нидерланды, Венгрия және т.б. мемлекеттердің жетекші нейрохирургтері жиналып отыр. Олардың ішінде Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығының президенті Владимир Бенеш (Чехия), Тел-Авив қаласында орналасқан Сораски атындағы «Ихилов» медициналық орталығы, «Дана» балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің директоры Шломи Константини (Израиль) және басқа да белгілі ғалымдар бар.

Астана қаласында Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығының білім беру курстарын өткізу – қазақстандық нейрохирургия үшін ерекше іс-шара. Форум шетелдік және отандық нейрохирургтер үшін ірі дискуссиялық алаңға айналды. Бұл өз кезегінде мемлекет ішінде нейрохирургтердің үздіксіз кәсіби білім алу жүйесінің тиімділігін арттыруға, әлемнің жетекші нейрохирургтерінің қатысуымен халықаралық дәрежедегі үздіксіз кәсіби білім беруді ұйымдастыруға, сондай-ақ жетекші ғылыми орталықтармен интеграция арқылы ғылыми зерттеулердің деңгейін арттыруға септігін тигізеді.

Биыл курстарға Қытай, Монғолия, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Тәжікстаннан 150-ден астам қатысушы келді.

«Бұл менің Астана қаласына бесінші рет келуім және мен оған өте қуаныштымын. Бүгін осы іс-шарада мен Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығының өкілі ретінде келіп отырмын. Үш жыл бұрын «Қазақ нейрохирургтер қауымдастығы» Нейрохирургиялық қоғамдардың еуропалық қауымдастығына қосылды. Бүгінгі кездесу дәрігерлер жұмысының стандарттарын, кәсібилікті және, әрине, достық қарым-қатынастарды жақсарту үшін еуропалық және қазақстандық нейрохирургтерді жақындастыруға бағытталған. Мен сіздің Орталыққа таң қаламын және Астана қаласындағы Нейрохирургия орталығы барлық әлем үшін үлгі болуға лайық деп санаймын. Осындай қысқа мерзімнің ішінде клиниканың айтарлықтай үлкен жетістіктерге қол жеткізуі қайран қалдырады. Сонымен бірге, мен қазақстандық әріптестерімнің кәсібилігінің деңгейін ғана емес, дәрігерлердің қамқорлығы мен ықыластылығың жоғары дәрежесін атап өткім келеді. Мен осы кездесуді толығымен қолдаймын!»- деді израильдік нейрохирург Шломи Константини.

Дереккөзі: neuroclinic.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар