Петропавлда химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі салтанатты түрде ашылды.
Оқу орны 720 оқушыға шақталған.
Солтүстікқазақстандықтарды бұл оқиғамен Астана күні қарсаңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
«Бүгін мұнда жоғары кәсіби педагогикалық құрам бекітілді, заманауи қондырғылардан материалдық-техникалық база жасақталды. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдерін алдағы уақытта талай жетістік күтіп тұрғанына сенімдімін», - деді аймақ басшысы.
Е.Сұлтанов облыс «көлікшілерімен» бірге мектепке шағын автобус сыйлады. Сондай-ақ ол кабинеттерді аралады.
Іріктеу нәтижесі бойынша «Өркен» білім беру гранты 312 оқушыға бөлінді.
Назарбаев зияткерлік мектебінде 62 кабинет жарақтандырылды. Оның 5-уі биология, 6-уы химия пәніне арналған кабинеттер, сонымен қатар биотехнология, нанотехнология, робототехника, техникалық модельдеу кабинеттері бар. Мектеп аумағында футбол, теннис, баскетбол, волейбол ойнауға арналған бірнеше алаң, жеңіл атлетикалық жол мен тренажер залы да қарастырылған.
«Президент грантына ие болған балалар тегін тамақтанады. Олар 120 орындық интернатта тегін тұрады, сонымен қатар формамен және оқулықтармен қамтылады», - деді химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Күлфарида Райысова.
Жаңа оқу орнында үздік мамандар жұмыс істемек. Ол үшін 3000 үміткерден 88 адам іріктелді.
Дереккөзі: inform.kz