Өзектi

Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың бас пәтері Астанада орналасатын болды

23.06.2015

5042

Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың бас пәтері Мәскеуден Астанаға көшiрiлдi. Бүгiн Астанада Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметiн жалғастыру туралы келiсiмге алдын ала қол қою рәсiмi өтiп, аталған орталықтың бас кеңсесiнiң Қазақстанда орналасатындығы ресми түрде жарияланды. Оның кеңсесi Назарбаев Университетiнiң ғылыми паркiнен орын тебетiн болады.
ХҒТО басқарма кеңесінің төрағасы Рональд Леманның айтуынша, 2011 жылы Ресей аталмыш орталыққа мүшелiк етуден шыққан болатын. Сол себептi орталықтың бас пәтерi ол елден кетуге мәжбүр болды. Дегенмен Қазақстан бұл орталықты өз жерiнде орналастыруға ұсыныс тастады. Халықаралық ғылыми-техникалық орталық 1995 жылдан бері жүргізген қызметі аясында Қазақстанға 66 миллион, ал жалпы ТМД елдеріне 1 млрд. АҚШ долларынан астам қаражат бөлген.

Қазақстанның барлық негiзгi ғылыми-зерттеу институттары орталықтың жобаларына қатысады. Сол арқылы бүгiнде олар Орталық Азия, Кавказ, Канада, Еуропалық Одақ, Жапония және АҚШ-тағы әрiптестерiмен мықты байланыс орнатқан. Зерттеулер жоғары деңгейде өткiзiлетiндiктен, ғылыми зерттеулердi нарықтық деңгейге шығаруға мүмкiндiк мол. 2014 жылы жобаларға жалпы құны 6 млн. АҚШ долларынан аса қаржы аударылған.

ТМД-ның 7 мемлекетінде қызмет жүргізіп отырған ұйым ертеңнен бастап қызу қызметке көшудi жоспарлап отыр. Қазақ ғалымдары ұсынған жалпы құны 520 мың доллар болатын екi жоба қаралатын болады.

Халықаралық ғылыми-техникалық орталық ТМД елдерінің қару жасауға қатысы бар ғалымдары мен мамандарына бейбіт мақсаттағы іс-қызметке бет бұруға мүмкіндік беретін қару таратпау саласындағы бағдарлама ретінде 1992 жылы құрылған болатын.

Халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қару шығаруға қатысты технологиялардың таралуына жол бермеу мақсатымен Жапония, Ресей, АҚШ және Еуропалық Одақ үкіметтері Халықаралық ғылыми-техникалық орталықты ашуға ұйғарып, "қырғиқабақ соғыс" аяқталғаннан кейін саланың жоғары білікті мамандарына жаңаша ахуалға бейімделуге түрткі болуды көздеген еді. Басты қызметi - ТМД елдеріндегі ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру. Соның арқасында ТМД елдерінің әлеуетiн денсаулық сақтау саласы, биотехнология, ауыл шаруашылығы, энергетика және жаһандық қауіпсіздік салаларындағы ғылыми-техникалық шешімдерді құруға бағыттауға өз үлесiн қосып келедi.

Дереккөзі: kazinform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар