Құлсары қаласындағы тұңғыш Күн энергиясы стансасы жобасы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесiне қойылады.
Республикамызда баламалы энергия көздерін дамытуға қолайлы жағдай жеткілікті. Әсіресе, географиялық орналасу жағдайына қарай Күн энергиясын пайдаланудың мүмкіндігі мол. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалануды көздеп отырған «Эко Протек-Құлсары»ЖШС қуаты 10кВт құрайтын Күн сәулесінен экоқуат алатын стансаның құрылысын Құлсары қаласы маңында ағымдағы жылдың тамыз айында бастауды жоспарлап отыр.
«Эко Протек-Құлсары»ЖШС-нің директоры Асқар Секербаевтың айтуынша, жаңғыртпалы энергия көздерін игеру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Осы мақсатта жүзеге асатын қуаты 10 кВт Күн энергия стансасының қуаты мың үйді электрмен қамтуға жеткілікті. Жергілікті әкімдік жоба құрылысы үшін 20 гектар жер телімін берген. Қазіргі күні құрылыс жобасының техникалық негіздеме құжаттары жасақталуда. Күн электр стансасы 2016 жылы пайдалануға беріледі. Оның құрылысына жергілікті жерден 150 адам жұмысқа тартылады.
– Күн энергиясы стансасының жұмыс істеуі күрделі емес. Фотоэлектрлік модульдер Күн радиациясын энергияға айналдырады. Энергия аккумуляторларға жиналып, кабельдер арқылы ортақ желіге жеткізіледі.
«Жоба құны – 25 млн. доллар. Жоба еуропалық инвесторлар тарапынан қаржыландырылуда. Жоба аяқталып, пайдалануға берілген соң, Үкіметіміз 15 жыл бойы энергияның 1кВт құнын 37 теңгеден сатып алады» деген жоба жетекшісі А.Секербаев Күн электр стансасында жұмыс істей алатын кәсіби мамандардың жоқтығынан өзінің Германия елінде білімін жетілдіріп келуге баратынын айтты.
Жалпы, Күн электр стансасын салуды мақсат етіп отырған жоба жетекшісі А.Секербаев болашақта Қызылқоға ауданында гибрит станса салу жоспарын да ортаға салды. Гибридтік станса дегеніміз — Күн, жел және биогаз қондырғылары біріккен станса. Жоба жүзеге асқанда, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз стансасын электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. Ал жергілікті халықтың құрылыс жұмысына тартылуына мүмкіндік болар еді. Қазір жергілікті әкімшілікпен жер телімін алу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Тұрсын ҚАЛИМОВА
Дереккөзі: aikyn.kz