Қазғарыш делегациясы Ле Буржеде авиағарыштық салонда бірқатар келіссөздер жүргізді
ҚР Инвестиция және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев бастаған Қазғарыш делегациясы жұмыс сапарымен Парижде жүр.
Олар Ле Буржеде Paris Air Show 2015 авиациялық-ғарыш салонының жұмысына қатысуда.
Дүниежүзіне белгілі авиациялық және ғарыш техникасының көрмесі Париж маңындағы Ле Буржеде 51-ші рет өткізілуде, биылғы жылы әлемнің 44 елінен 2 мыңнан астам экспонент жинады.
Қазғарыш делегациясы «Космотрас» халықаралық ғарыш корпорациясының басшысымен келіссөз жүргізіп, қатысушысы Қазақстан болып табылатын «Днепр» бағдарламасының перспективаларын талқылады.
Роскосмос өкілдерімен кездесу барысында Байқоңыр ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру шешіміне қатысты және Байқоңырдағы Қазақстан мен Ресейдің одан әрі ынтымақтастығы туралы пікір алмасылды.
Францияның CNES ғарыштық зерттеу ұлттық орталығы басшылығының шақыртуы бойынша барған Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев Paris Air Show 2015-ке келген ғарыш агенттіктерінің басшыларымен кездесуге қатысты.
CNES штаб-пәтерінде ғарыш ведомстволарының басшылары Жер климатының ғарыш мониторингі бойынша күштерді біріктіру бағытындағы бірлескен мәлімдемені талқылады. Ғарыш агенттіктері басшыларының бұл декларациясы 2015 жылғы қыркүйекте Мехикода өтетін Халықаралық астронавтика академиясының отырысында қабылданады деп болжануда.
Құрамында ҚР Инвестиция және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев, оның орынбасары Еркін Шаймағамбетов, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» АҚ президенті Жұмабек Жантаев бар Қазғарыш делегациясының маңызды келіссөздері Қазғарыштың стратегиялық әріптесі - француздық Airbus Defense & Space компаниясының павильондарында өтті.
Бірнеше күн бұрын Қазақстан Airbus Defense & Space әзірлеген KazEOSat-1 ЖҚЗ алғашқы қазақстандық жер серігін меншікке алған болатын, келешекте екінші KazEOSat-2 серігін қабылдап алу күтілуде.
Paris Air Show 2015 аясында Қазғарыш делегациясы Украина Мемлекеттік ғарыш агенттігінің басшысымен кездесті және М. Ф. Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйе» АҚ ресейлік компанияның жұмыс нәтижелерімен танысты.
Дереккөзі: kazinform.kz