Өзектi

Қытайда қазақстандық студенттердің төртінші құрылтайы болып өтті

16.06.2015

5006

2015 жылдың 13-14 маусымында Хубэй провинциясында Халықаралық бағдарламалар орталығы, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі, сондай-ақ «Kazakhstan students association in China» (KSAC) студенттік ұйымының ұйымдастыруымен Қытайдағы қазақстандық студенттердің IV құрылтайы болып өтті.

Шараға KSAC қазақстандық студенттердің бірыңғай ұйымы қызмет атқарып отырған Қытайдың Бейжің, Шанхай, Нанкин, Үрімші, Ухань, Чунцин, Далянь, Гуанчжоу сияқты ірі қалаларынан 60-тан астам делегат қатысты.

Құрылтай аясында оның қатысушылары «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасы, сондай-ақ «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудағы жастардың қатысуын, Қытайдағы қазақстандық студенттердің проблемалық мәселелері, ҚХР-да студенттік өзін-өзі ұйымдастыруды одан әрі дамыту, соның ішінде KSAC ұйымының Қазақстанның жастар ұйымдарымен және «ҚазАльянс» шетелдегі қазақстандық студенттер бірлестігімен өзара ықпалдасу мәселесі ортаға салынған студенттік конференция болып өтті.

KSAC және «ҚазАльянс» шетелдегі қазақстандық студенттік ұйымдарының бірлестігі арасында одан әрі ынтымақтасу және өзара ықпалдасу туралы бірлескен декларацияға қол қойылды.

Дәстүр бойынша құрылтай аясында Ухань қаласында білім алып жатқан студенттер ұйымдастырған мерекелік концерт болып өтті, онда Нанкин және Ухань қалаларында оқитын студенттік көңілді тапқырлар командалары өнер көрсетті.

Құрылтайдың ұйымдастырушылары мен қатысушылары Халықаралық бағдарламалар орталығының және Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінің Алғысхаттарымен және сертификаттарымен марапатталды.

«Қазіргі уақытта Қазақстан жастары біздің елімізде өткізіліп отырған реформалар мен даму бағдарламаларына белсенді атсалысуда. Отанымыздан қашық жүрген біз, қазақстандық студенттер үшін елде болып жатқан оқиғалардың бәрінен хабарлар болып, Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға үлес қосу маңызды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Ухань университетінің студенті, KSAC ұйымының Ухань қаласындағы төрағасы Ғазиз Жұмабаев.

Ол Қытайдағы студенттердің жыл сайын өткізілетін құрылтайы маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өтті. Мұнда студенттер бір-бірімен танысып, проблемаларды талқылап қана қоймай, «Қазақстан-2050» және «Нұрлы жол» бағдарламалары сияқты маңызды мемлекеттік мәселелерге қатысты пікір алмасып, идеяларын ұсына алады.

Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінің білім бойынша кеңесшісі Марғұлан Күзекбаевтың айтуынша, қазақстандық студенттердің жыл сайынғы құрылтайы Елшілік және Халықаралық бағдарламалар орталығының өзін-өзі ұйымдастыру, Қытайдағы студенттерді біріктіру және патриоттық тәрбиелеу жұмысы аясындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар