Геологиялық барлауда ынталандыру әдістерін тиісті деңгейде қарастыру қажет - депутат Е. Нығматулин
Жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамаға бес жылдың ішінде 23 мәрте өзгертулер енгізілді. Бұл туралы бүгін Астанада «Жер қойнауы мен жер қойнауын падалану туралы» ҚР Кодексінің тұжырымдамасы жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстелде» ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерлан Нығматулин мәлім етті.
«Өкінішке қарай, жер қойнауын пайдалану саласында біздің заңнама ұзақ мерзімде елеулі өзгерістерге ұшырады. 2010 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы «Жер қойнауы мен жер қойнауын падалану туралы» заңы 2011 жылы бес пункт бойынша өзгертелді. 2012 жылы осы заң 39 пункт бойынша өзгеріске ұшырады, ал 2014 жылы аталған заңнаманада Үкіметтің бастамасымен 270 өзгерту орын алды. Жалпы алғанда, бес жылдың ішінде өзгертулер 23 мәрте енгізілді», - деп тоқталды депутат.
Осы орайда инвесторлар саладағы тұрақтылық жағдайында ғана тартылатындығын және заңнамада олардың келуіне қолайлы жағдай жасалуы керектігін атап өтті.
Е. Нығматулиннің сөзіне қарағанда, кодексте «өндіру», «бастапқы өңдеу», «байыту» секілді ұғымдарға нақты түсініктеме беру керек. Яғни, өндіру мен қайта өңдеуді ажырату мәселесінде соңғы нүкте қою қажет.
«Бүгінде геологиялық барлауға да жеткілікті назар аудару керек. Бұл тұрғыдағы барлау жұмыстарын ынталандыру әдістерін тиісті деңгейде қарастыру қажет болып тұр. Қазіргі кезде пайдаланып жатқан жер қойнауының барлығы кеңестік кезеңде табылған қорлар. Атап айтқанда, осы бағытта серпіліс болуы үшін геологиялық барлауға қажетті түзетулерді енгізуіміз маңызды», - деді депутат.
Дереккөзі: kazinform.kz