Almaty Management University 8 мүмкіндігі шектеулі азаматқа грант табыстады
Аlmaty Management University 8 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тегін білім алуға жолдама берді.
«Шектеусіз мүмкіндік» әлеуметтік байқауын өткізуді аталған университеттің Бизнестің жоғарғы мектебі ұйымдастырған болатын. Үш айдан бері комиссия 20 адамның өтінішін қарастырды. Солардың ішінде 8 азамат университет тарапынан түрлі жеңілдіктер мен қолдауға лайық деп танылды.
«Байқауға қатысқан мүмкіндігі шектеулі жандар өмірдегі кедергілерді аттап өтіп, өз ісін бастауға өте ынталы. Олардың көбі мансапта биік белестерге қол жеткізгісі келеді. Бизнестің жоғарғы мектебі олардың ұмтылысын қолдап, әлеуметтік теңсіздікті жаңа білім мен оқу арқылы жеңулеріне тілектестік білдіреді»,- деді Бизнес жоғарғы мектебінің деканы Гүлнар Күреңкеева.
«SOS Детские деревни Казахстана» корпоративті қоры директорының орынбасары Сүлейменов Ерлан мен «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының жоба үйлестірушісі Бегалиева Захира оқу орнында тегін білім алатын болды. «Даутов» ЖК иесі Нұржан Дәуітов пен «Смит Централ Азия» ЖШС иесі Жұрқабаев Абай оқу ақысының 50 пайыздық жеңілдігіне ие болды.
Өзге де жеңімпаздар кез келген сала бойынша 2 курстық, 3 курстық білімді тегін алатын болды.
«Бұл - мен үшін таптырмайтын мүмкіндік. Осы оқу орнында алған білімімді ұйымның өзге де өкілдеріне жеткізетін боламын. Мүгедек адам өзінің мүмкіндігі көп екендігін біле бермейді. Сенімі аз болады. Сондықтан, менің жетістігім басқа мүгедек адамдарға үлгі болары сөзсіз», - деді Захира Бегалиева.
Дереккөзі: inform.kz