Алматыда ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Математика және математикалық модельдеу» институтының құрылғанына 50 жыл толуына орай математиктердің ғылыми конференциясы өтіп жатыр.
Халықаралық шараға алыс-жақын шетелдерден білікті ғалымдар қатысуда. Конференция жұмысы 4 күнге созылмақ. Бүгін қатысушылар математика, механика ғылымдарының өзекті мәселелерін талқылап жатыр.
Конференция жұмысын бастаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев аталған институттың қазақ математика ғылымының дамуына қосқан үлесі зор екендігін атап өтті.
«Бұл институт Қазақстандағы математика ғылымының дамуына өте үлкен үлес қосып отыр. Ғалымдарымыздың көбі осы жерде жұмыс істеген. Кезінде Персидский, Жәутіков, Сұлтанғазин, Үмбетжанов сияқты майталман математиктер қызмет жолын осында бастаған. Қазір де институт өз биігін сол деңгейде сақтап отыр. Институт ғалымдары соңғы жылдары бірнеше мемлекеттік сыйлықтарға ие болды», - деді Т.Балықбаев.
Институт директоры Тынысбек Кәлменовтың айтуынша, институт ғалымдарының білім деңгейі ТМД елдері бойынша рейтингте үшінші орынға тұрақтаған.
«Математиктердің ғылымдағы орны ерекше. Ресей, Украина ғалымдарынан кейін үшінші орындамыз. Биыл қаржыландыру бойынша елдегі 38 гранттың 25-ін біздің институт жеңіп алды. Математиканың өзге ғылымдардан ерекшелігі, ол нақтылыққа негізделген», - деді Т.Кәлменов.
Дереккөзі: kazinform.kz