Өзектi

Көкшетаудағы педагогикалық инновациялар жәрмеңкесіне РФ өңірлерінен келген ұстаздар қатысты

19.05.2015

4951

Көкшетауда V халықаралық білім саласындағы және біліктілікті көтеру жүйесіндегі педагогикалық инновациялар жәрмеңкесі өтті.
Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» филиалы Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкеге Ресей Федерациясының Самара, Кемеров облыстары мен Алтай өлкесінің, сондай-ақ Солтүстік, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары мен Астана, Алматы қалаларының педагогтары қатысты.

Мұндағы шараның мақсаты - педагогикалық қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін арттырып, олардың іс-тәжірибесін республикалық деңгейде тарату, сондай-ақ білім беру үрдісіндегі жаңа технологияларға қолдау көрсету болып табылады.

Шарада алдымен педагогикалық жәрмеңкенің әнұраны орындалып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» филиалы Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Еркін Исімбаев құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жәрмеңкенің өтуіне атсалысқан ұстаздарға зор ризашылығын білдіріп, қатысушыларға табысты еңбек тіледі.

Сонымен қатар облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова, Ресей Федерациясы Самара облысының Отрадненск білім және ғылым басқармасының басшысы Владимир Гусаров пен Мәскеу қаласынан жалпыресейлік «Олимп» жастар орталығы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты Ирина Козина жәрмеңкенің лентасын қиып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Мерекелік шарада бес жыл бойы инновациялық жобаларды дайындауға өз үлестерін қосқан бірқатар ұстаздарға Алғыс хаттар мен «Табыс нышаны» төсбелгісі табыс етілді. Тағы бір айта кетерлігі, педагогикалық жәрмеңкеде Көкшетау, Степногор қалалары мен Бурабай, Зеренді, Атбасар аудандарының педагогикалық ұжымдарының түрлі шығармашылық жұмыстарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар