Өңірлерде оқулық жеткізушілеріне талап күшейтілді. Бүгін Мәжілісте «Оқулықтардың сапасы және жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету» атты тақырыптағы Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлімдеді.
«Мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету процесіндегі осал тұстың бірі - оқулықты мектепке дейін жеткізу. Осыған байланысты министрлік оқулықты өңірлерге жеткізушілерге талапты күшейтіп отыр. Атап айтқанда, оларда арнайы техникалар, қоймалар, дайындалған персоналдар болуы керек. Оқу әдебиеттерін жеткізу мерзімдеріне де талаптар күшейтіледі», - деді министр А.Сәрінжіпов.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы оқулыққа қосымша қажеттілікті нақты болжаудың маңыздылығын да атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұндай нақты болжау мектеп кітапханаларының қорын толықтыруға септігін тигізетін болады.
«Бұл міндетті шешу үшін министрлік арнайы нұсқаулықтар әзірледі. Онда мектеп кітапханаларын толықтыру, оларды жаңарту тетіктері қамтылып, кітапхана қорларынан ескірген оқулықтарды алу жайлары да қарастырылып отыр», - деді А.Сәрінжіпов.
Сондай-ақ, А. Сәрінжіповтің айтуынша, мектепті оқулықтармен уақытылы әрі толық қамтамасыз етпегені үшін тиісті тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Министр сөз арасында электрондық оқытудық ақпаратық жүйесі базасында кітапхана қорларын есепке алудың техникалық мүмкіндіктері қарастырылып жатқанын жеткізді. «Бұл ретте жергілікті атқарушы органдармен кітапхана қорларын уақытылы жоспарлау, жаңалау және толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мектепті оқылықтармен қамтамасыз ету процесін бпақылау тәуекелді уақытылы анықтап, шаралар қабылдау үшін қажет», - деді министр. Оның айтуынша, қазіргі күні білім беру мекемелерін оқулықтармен қамтамасыз ету тетіктері жасалған. Онда қамтамасыз ету процесстері регламенттеліп, атқарушылар мен оның мерзімдері айқындалған.
«Мектептерді оқулықтармен уақытылы әрі толық қамтамасыз етпегені үшін жауапты тұлғалардың жауапкершілігі мәселесі қойылуда. Егер жеткізушілердің кінәсінен жоспар орындалмаса, оларға азаматтық-құқықтық жауапкершілік бар. Мүмкін болатын олқылықтарды болдырмау үшін білім беру саласындағы бақылау жөніндегі департаменттер жергілікті жерлерде әкімдіктермен баспа шығарушыларымен келісімшарттардың орындалуына мониторинг жасайды», - деді Аслан Сәрінжіпов.
Дереккөзі: inform.kz