Алматыда екі оқу мекемесінің базасында тегін білім беретін жас кәсіпкер мектебі ашылды
    Бүгін Алматыда Халықаралық бизнес университеті (UIB) мен Алматы халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің базасында «I-SEED: Инновация - әлеуметтік кәсіпкерлік және білім» жобасы аясында жас кәсіпкер мектептері ашылды.
«Бұл екі мектепті ашудағы басты мақсат - Алматы жастарын кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыру. Оларды оқыту және жан-жақты қолдау көрсету. Сол үшін біз Британ Кеңесі және «Шеврон» компаниясымен бірлесе отырып, тұңғыш рет осы екі мектепті ашып отырмыз», - деді өз сөзінде Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасының жастар саясаты бөлімінің бастығы Айгүл Халықова.
 Сонымен қатар, ол осы жоба аясында үздік бизнес-жоспар ұсынған жастарға арнайы гранттар бөлінетіндігін айтты.
 «Осы екі оқу орны базасында мамыр, қыркүйек, қазан және қараша  айларында бір мезетте 20 адамнан оқытылатын болады. Оқу мерзімі - 3 апта. Сабақтар аптасына үш рет жүргізіледі. Әр сабақтың ұзақтығы -2 сағат. Осы жоба аясында барлығы 8 топ бойыша 160 адамды қамтуды көздеп отырмыз. Оқу аяқталған соң әрбір топ бойынша үздік бизнес-жоспарға байқау жарияланады. Әрбір жеңімпазға 150 мың теңге көлемінде грант табыс етіледі»,  - А. Халықова.
 Айта кетелік, жас кәсіпкер мектебінде оқу тегін. Онда оқуға ниет білдірушілер Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. Онда арнайы сауалнама толтырады. Мамандар оқушыларды сол арқылы іріктеп алады. Басты талап - жастардың жасы 29-дан аспауы керек. Сонымен қатар олардың өз ісін ашуға деген ынта-ықыласы болуы қажет. Яғни, оқуға әлі кәсіпкерлікпен айналыспаған, бірақ өз ісін ашқысы келетін кез келген жас өтініш бере алады. 
 Дереккөзі:  kazinform.kz