Өзектi

EXPO-2017 – жастар көзімен

08.05.2015

4580

М. Үркімбаев атындағы жастар сарайында «EXPO – 2017 – жастар көзімен» атты көрмесі өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және ТарМУ-дың Жас ғалымдар кеңесі ұйымдастырған көрмеге 23 жоба ұсынылды.

Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың арасында тың идеялы инноваторларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның тұсауын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов кесті. Өз сөзінде Халықаралық көрмеге қойылатын жаңа өнертабыстарды іздеуде мұндай жиындардың теңдесі жоқ екенін айтқан ол, жамбылдық жас ғалымдардың EXPO-2017 көрмесіне қатысушысы атануларына тілектестігін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша көрмеге қатысуға талап білдіргендердің саны өте көп. Нәтижесінде, арнайы құрылған сараптамалық комиссияға ұсынылған 35 жобаның 23-і іріктеліп, байқауға қатыстырылған. Қатысушылардың көрмеге алып келген идеяларының тың, жаңашыл, талаптарының зор екенін айта кеткен жөн. Мәселен, «Арзан, сапалы, жылдам» атты жобасын алып келген «ҚазТрансГаз» АҚ облыстағы өндірістік филиалының шебері Арман Бұхарбаев тұрғын үй құрылысы технологиясын түбегейлі өзгертпек ниетте. Қазірде жер үйлердің салынуына қаржы мен уақыттың көп кететінін, сапасы құрылысшыға байланысты болып, жылыту мерзімінде шығыны да мол болатынын айтып отырған ол өзінің жобасының бұл мәселелері шешімін табатын бірден-бір жолы болатынын айтты. Яғни, тапсырыс берушінің талабымен керамзит бетоннан бүтін үй қабырғаларын құю зауытын ашуды көздеп отырған Арман тұрғын үйлерді құрастырмалы етпек. Нәтижесінде, қажет жағдайда орнынан жылжытып, басқа жерге де көшіруге болады.
Жамбыл политехникалық колледжінің студенттері Дидар Әлмахан мен Мейіржан Құралбаевтар болса, тұрғын үйлердің электрлік жарықтандырылуын одан әрі тиімді етіп, шығын көлемін азайтуға болады дейді. Ол үшін, тек жарық жүйесін дұрыс орналастыру керек екен. Көрмеге электр сымдары таралымының өз үлгісін алып келген жас инноваторлар жарық шамдарының және кабельдердің бірнеше түрін пайдаланған.
Сондай-ақ, көрмеде диабетпен ауыратын жандарға арналған арнайы ортопедиалық аяқ киімдер, банан өсіруге арналған жылыжай, жел электр стансалары, мұнай айдау бекеттері, жаңбырдан электр қуатын өндіру, дала жағдайында өрт сөндіруге арналған қондырғылардың жобалары ұсынылды. Айта кетерлігі, қатысушылардың ғылыми жаңалықтары ішінен лайықтысын таңдап, қажетіне жарату, тіпті тиімді жобаларды қаржыландыру үшін облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы басқармаларының «Даму» кәсіпкерлік қоры мен кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты.
Ғалымдардың көрмесінің нәтижесінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы Роллан Нүсіпәлі «Желэнергетикалық қондырғы» тақырыбымен жүлделі I орынға лайық деп танылды. Ал, қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған ортопедиалық өнімдер және жайлы аяқ киім жасау жобасының авторы, ТарМУ-дың аға оқытушысы Бекжан Абзалбекұлы мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Тимуджин Ажмаханбетов, Алихан Мурзаев, Рустам Каримов «Шағын жаңбыр электростанциясымен» II орынды иеленді. III орынға «Күн энергиясы және пирамиданың қасиеттері» жобасын алып келген Жуалы ауданы Абай атындағы №9 орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айгерім Әшірбаева және ТарМУ студенті Бауыржан Кемпірбаевтар табан тіреді.

Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар, жастар саясаты мәселелері басқармасы атынан ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Дереккөзі: tarsu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар