Елбасы: Алматыда жастардың үздік жоғары білім алып, лайықты жұмыс атқаруына барлық жағдай жасалған
Алматыға жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық стадионда қала жастарымен кездесті.
«Алматы - жастардың қаласы. Бұл жерде үздік жоғары білім алуға, лайықты жұмыс атқаруға барлық жағдай жасалған. Экономикалық өсім болса, береке-бірлік болса, мәдениет те, әдебиет те, спорт та дамиды. Осы тәуелсіздік жылдарында атқарылған, жүзеге асырылған тірліктердің барлығы жастар, сіздер үшін! Мен де, мемлекет те сіздер үшін, сіздердің болашақтарыңыз үшін еңбек етіп жатырмыз. Сондықтан болашақта әлемнің азаматы болыңыздар. Бұл үшін үш тілді қатар меңгеріңіздер. Дүниежүзілік ғылым мен білімді игерсе екен деп мен қызмет істеп жатырмын. Бақытты болыңдар! Елімізді алға қарай жетелейтін сіздер боласыздар!» - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының сөзінен кейін Алматы жастары ұйымдарының өкілдері жастар атынан Елбасының саясатын қолдайтындықтарын білдірді.
«Алматы көктемі» деп аталатын бүгінгі фестивальдің аяғы концертке ұласты. Онда қазақ тілінде ғана емес, елімізде өмір сүріп жатқан басқа да ұлттардың танымал әндері айтылды.
Концерттің соңында Елбасының құрметіне Алматы көгінде отшашу берілді.
Дереккөзі: kazinform.kz