А. Мамытбеков: Табиғи сүтті өндіру - жоғары технологиялық үдеріс
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Алматы облысының Іле ауданында орналасқан Danone Berkut» ЖШС сүт өңдеуші зауытында болды.
Сүт өнімдерін шығару үдерісімен танысқан министр зауыт басшылығынан шикізатпен жабдықтау мәселесін қалай шешіп жатқандарын сұрады. Өз сөзінде министр бүгінде елімізде 200-ге тарта кәсіпорын сүт өнімдерін шығаратындығын айтты. Олар жылына жалпы салмағы 2 млн. тоннадан астам шикі сүтті өңдейді. Олардың 25-і - ірі және орта дәрежедегі кәсіпорындар. Дейтұрғанмен, жалпы сүт шикізатының 82 пайызы жеке тұрғындардан сатып алынады екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сүт өнімдерін өндіру бірнеше бағыт бойынша өскен. 2013 жылмен салыстырғанда өңделген сүтті шығару - 6 пайызға, құрғақ сүт - 24 пайызға, сары май - 11,6 пайызға және балмұздақ өндірісі - 14 пайызға артқан.
«Көптеген тауар өндірушілердің сүт өнімдерін шығаруға импорттық құрғақ сүт ұнтақтарын пайдаланатыны жасырын емес. Өйткені, бағасы арзан және күрделі технологиялық үдерістерді талап етпейді. Сондықтан, олардың дайындаған сүт өнімдері де арзан болады. Сәйкесінше, отандық фермерлердің табиғи шикізаты сұранысқа ие болмай қалады. Тағы бір айта кететін жәйт, отандық фермерлерден сатып алынатын сүттің сапасына қойылатын талаптардың жоғары екендігі. Еліміз жылына 5,1 млн. литр сүт өндіреді. Ал зауыттарға олардың тек 40 пайызы ғана жетеді. Оның үстіне ауыл арасы алыс. Егер сүтті салқындатылған сыйымдылықтармен тасымаса, ол зауытқа жеткенше айнып кетеді. Сүтті сапасы бойынша сертификаттау да өз алдына бір мәселе», - деді А. Мамытбеков.
Министр негізі табиғи сүттің ұзақ сақталмайтындығын, ал қазақстандықтардың соған қарамастан дүкендерден жарты жылдап сақтала беретін сүтті, сары майды сатып ала беретіндігіне өкініш білдірді.
«Олар мұнысымен отандық тауар өндірушілерді шығынға батырып қана қоймайды, сондай-ақ өз денсаулықтарына да нұқсан келтіреді. «Табиғи» деп жарнамаланған сүттің барлығы бірдей табиғи бола бермейді. Қазақстанда техникалық регламент деген бар. Соған сәйкес, қалпына келтірілген сүт табиғи болып саналмайды. Бірақ өндірушілер ол талапты орындай бермейді, ал сатып алушылар тыңдай бермейді. Бұл мәселе қазір Тұтынушылар құқығын қорғау Комитетінің бақылауына алынды. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр» -деді министр.
Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін Агро Өнеркәсіптік Кешендегі өңдеуші өнеркәсіпті 2020 жылға дейін дамыту жоспары аясында елімізде 212 сүт қабылдау пункттерін ашу көзделген. Оларды құруға 683 млн. теңге көлемінде инвестициялық көмекқаржы жұмсау жоспарланған. Бұл шара сатып алынатын шикізаттың сапасын артырып қана қоймайды, сонымен қатар Қазақстанның шет аймақтарында тұратын фермерлердің шикізаттарын да сатып алуға мүмкіндік береді.
«Бұған» «Danone Berkut» ЖШС мысал бола алады. Зауыт өнімдері тек табиғи сүттен ғана өндіріледі. Сүт аппаратпен сауылады. Кейін салқындатқыш сыйымдылықпен зауытқа жеткізіледі. Одан әрі арнайы құбырлар арқылы өндіріске енгізіледі. Температуралық талап сақталады. Яғни, табиғи сүт өндіру - жоғары технологияқ үдеріс. Сәйкесінше оған кететін шығын да үлкен. Мұны тұтынушылар жақсы білулері тиіс» - деді А. Мамытбеков.
Айта кетелік, «Danone Berkut» ЖШС зауыты 2010 жылы іске қосылған. Оған 17 млн. еуро жұмсалды. Қазір кәсіпорында 200 адам жұмыс істейді. Төрт жыл ішінде өндіріс көлемі төрт есеге өскен. Қазір мұнда жылына 10 мың тонна сүт өнімдері шығарылады. Зауыт 1,8 мың жергілікті фермерлік шаруашылықтармен ынтымақтастық орнатқан.
«Өндіріс желісін жаңартуға дейін біз тек йогурт қана шығаратынбыз. Қалған өнімдерде Ресейден жеткізетінбіз. Қазір біз осы зауытта 58 түрлі өнім шығарамыз. Оларды ішкі нарықпен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан нарығына да шығарамыз. Болашақта Түркіменстан мен Тәжіәкстан нарығына да шықсақ деген жоспарымыз бар», - деді «Danone Berkut» ЖШС бас директоры Рено Шамональ.
Дереккөзі: kazinform.kz