Өзектi

Қызылордалық түлектерге Ресейде білім алуға берілетін грант саны 300-ге дейін көбейеді

08.04.2015

5019

Қызылорда облысының басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімі аппаратының мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 7 мәселе қаралып, олардың әрқайсысына жан-жақты талдау жасалды.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Мектеп бітірушілердің білім сапасын анықтайтын ең басты өлшемге айналған Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2 айдай уақыт қалды. Облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың айтуынша, оқу жылының басынан бері өткізілген сынама тесттердің қорытындысы ай сайын талданады. Қазіргі уақытта сынама тестке мектеп бітірушілердің 69,1 пайызы қатысуда.

Алдын ала сынақты тегін өткізу үшін кітапша алып беру, мектеп бітірушілерді облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында дайындық курстарынан өткізу қарқынды жүргізілуде.

Наурыз айындағы орташа балдық көрсеткіш 76,4 болды. Нәтиже қыркүйектегі 61,3 балдық көрсеткіштен едәуір көтерілгенімен, осы кезеңде орташа балл 70-80-ге дейін жетуі тиіс еді.

«Алтын белгіден» үміткерлердің 40,8 пайызы, «Үздік аттестаттан» үміткерлердің 29,8 пайызы ғана әзірге өз білімдерін дәлелдеп отыр. Мәліметтерге қарағанда, математика, орыс тілі пәндері бойынша балл көрсеткіші көтерілмей келеді. Бұл осы пәндер мұғалімдеріне ерекше талап қоятын уақыт жеткенін аңғартады.

Былтыр Ресейдің жоғары оқу орындарына 107 түлек оқуға түскен болатын. Биыл грант саны 300-ге дейін көбеймек.

Ресей ЖОО-ларында оқитын балалар федералдық бюджет есебінен білім алып жатқанын ескерсек, сырбойылық өрендерге қолдау көрсету арқылы қажетті мамандар әзірлеу жүйелі түрде жүзеге асуда.

Бүгінде Ресейдің басқа да ЖОО-ларымен келіссөздер жүргізілуде. «Серпін-2050» бағдарламасы да білім аламын деген жастардың талабын ұштауға қызмет етеді.

Бүгінде Сыр өңіріндегі 22 мектепті Назарбаев зияткерлік мектебі деңгейіне көтеру үшін жұмыстар жасалуда. Алдағы жылдары осы мақсатқа 9 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Талапты балаларға қолдау көрсету одан әрі жалғасады. Жас ұрпақтың білім алуы үшін салынған инвестиция еселеп қайтатыны сөзсіз. Алдағы уақытта орташа балды ең кемінде 80-ге жеткізу үшін күш салу керек.

Білім басқармасының басшысы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудың кейбір мәселелеріне, лагерьлердің демалыс маусымына әзірлігіне тоқталды. Жаз бойы қала сыртындағы, күндізгі лагерьлермен, демалыстың басқа да түрлерімен оқушылардың шамамен 93 пайызын қамту жоспарланған. Оқу-сауықтыру орталықтарының жыл бойы жұмыс істеуін жолға қою уақыт талабына айналып отыр, - дейді ол.

Мәжіліс қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелерге орай шешімдер қабылданды.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар