7-8 сәуір күндері «әл-Фараби» ғылыми кітапханасында «әл-Фараби және қазіргі заман» атты ІI халықаралық Фараби форумы өтеді.
Форум Әбу Насыр әл‐Фарабидің 1145 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына, «Алматы ислам әлемінің астанасы-2015» жылына арналып отыр.
Айтулы шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы, Философия, саясаттану және дінтану институты, Қазақстанның философия конгресі ұйымдастырады, деп хабарланған ҚазҰУ-інің сайтында.
Форум жұмысының негізгі бағыттары Шығыс пен Батыс тоғысындағы әл-Фараби философиясы, әл-Фараби және Ислам мәдениеті, әл‐Фарабидің ғылымдарды жіктеуі және қазіргі жаратылыстанудың өзекті мәселелері болып табылады. Сондай-ақ ХХІ ғасырдың инновациялық әлеуеті және тұрақты даму перспективалары, техногенді өркениет шындығындағы әлеуметтік ғылымдар, Қазақстанның мәдени және әлеуметтік‐саяси дамуының өзекті мәселелері жастар көзқарасы тұрғысынан қарастырылады. «Al-Farabi university Smart city - инновациялық университеттің моделі» пікірсайыс алаңында қатысушылар өз ойларын ортаға сала алады.
Фараби форумы аясында Оңтүстік Қазақстанның «Алтын сақинасы» мәдени-этнографиялық турын ұйымдастыру жоспарланған. Екі күндік тур бағдарламасында Қарахан, Бабажы қатын мен Айша Бибі кесенелерін (Тараз қаласы), Арыстан баб кесенесі, Отырар ортағасырлық қала орны, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Қылует жерасты мешіті, Рәбия Сұлтанбегім кесенесі, Түркістан тарихи мұражайы (Оңтүстік Қазақстан облысы) сынды тарихи нысандарға бару көзделген.
Дереккөзі: inform.kz