Өзектi

Ақордада «Болашақ» стипендиясын одан әрі жүзеге асырудың өзекті мәселелері қаралды

19.03.2015

4842

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру бойынша іс-шараларды орындаудың өзекті мәселелері талқыланды. Биыл Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы үшін кадрлар даярлауға бағытталған жоғары оқу орындарына ғылыми кадрларды даярлайтын жаңа Split PhD жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Болашақ» стипендиясы иегерлерін ағылшын тілі бойынша тілдік даярлаудың жаңа үлгісі енгізілмек.
Мемлекеттік хатшы биылғы 11 наурыздағы «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасының 5 басты институттық реформалар жасауды, олардың қатарында «қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялық мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды» айтқанын еске салып өтті.
Осы орайда Г. Әбдіқалықова «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған жастардың әлеуетін аталған бағыт бойынша барынша пайдалану мен оларды мемлекеттік қызметке белсенді түрде тарту қажеттігін айтты.

ҚР БҒМ мәліметіне қарағанда, бүгінде бағдарлама түлектерінің тек 6,5 пайызы ғана алған білімдерін мемлекеттік органдарда пайдалануда. Бұл тұрғыда осы көрсеткішті арттыру қажеттігі туып отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Split-PhD жобасы «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы үшін Қазақстан Республикасының 10 тірек жоғары оқу орындарында ағымдағы жылдың басынан іске асырыла бастады.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар