Алматы қаласында 2016 жылдан бастап, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ислам экономикасы факультеті ашылады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК кешенінде «Қазақстан-Мысыр ынтымақтастығы: бүгіні мен келешегі» атты халықаралық ғылыми конференция барысында аталмыш университеттің ректоры, профессор, доктор Жуда Абдулғани Басюни мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір бұл мәселе ҚР Білім және ғылым министрлігінде талқылануда.
«Нұр-Мүбарак» университеті - Исламның Орталық Азиядағы ғылыми мұнарасы іспеттес. Біздің басты мақсатымыз - Исламның шынайы сара жолын қазақ қоғамына жеткізу. Қазір университетте үш факультет жұмыс істейді. Олар - Дінтану, Исламтану және Шетел филологиясы факультеттері. Ал енді, құдай қаласа, алдағы жылдан бастап, Ислам экономикасы факультетін ашуды көздеп отырмыз. Осы жаңа бағыт бойынша мамандар даярланатын болады. Қазір бұл мәселе министрлік деңгейінде талқыланып, нақтылана түсуде», - деді Жуда Абдулғани Басюни.
Айта кетелік, бүгінгі конференция барысында екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастың өзекті мәселелері мен жетістіктері, халықаралық саясаттағы екі елдің өзара әрекеттестігі және көнеден қалыптасқан тарихи-мәдени байланыстары ғылыми тұрғыда жан-жақты талқыланды.
Дереккөзі: inform.kz