Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы (ИДМ АҒК), ҚР Премьер-Министрінің азаматтық авиация және ғарыш қызметі жөніндегі кеңесшісі Талғат Мұсабаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Әбу-Дабиде жүр.
Қазғарыш баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, кеше ҚР ИДМ АҒК төрағасы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Республикалық ғарыш байланысы орталығы» АҚ басшылары құрамындағы қазақстандық делегация Біріккен Араб Әмірлігі Ғарыш агенттігінің төрағасы Халифа Тани ар-Румейсимен кездесті.
Халифа ар-Румейси қазақстандық қонақтарды Әмірлікте алғаш құрылған ғарыш ведомствосының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді дайындау барысымен хабардар етті.
Өз тарапынан Қазғарыш төрағасы Талғат Мұсабаев араб әріптестерін Қазақстанда құрылған ғарыш жүйесі, Жерді қашықтан бақылау, сондай-ақ ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу бойынша қазақстандық ғалымдардың жұмыс нәтижелерімен таныстырды. Кездесу соңында тараптар таяу уақытта ғарыш кеңістігін зерттеу және оны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы екі бейінді ведомство арасында жасалған жаңа меморандумға қол қоюға уағдаласты.
БАӘ-ге сапары барысында Қазғарыш делегациясы 2015 жылғы 11-12 наурызда Дубай қаласында өтетін Астрономия және ғарыш ғылымы бойынша XIII халықаралық конференция жұмысына қатысады, деп атап өтті Қазғарыш баспасөз қызметінен.
Дереккөзі: inform.kz