Өзектi

Бүгінгі мектеп: жетістіктері мен мәселелері

11.03.2015

5110

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында мектептердегі ТарМПИ түлектері, мектеп басшылары және түлектер арасында өткізілген мультимедиалық өнімдердің «Виртуалдық байқауына» қатысушылардың бас қосуымен дөңгелек үстел өтті. Жиын «Дидактикалық орталықтың» ұйымдастыруымен өтті.

Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Мектеп керектері» атты мақаласында «... Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім» деген екен. Бұл мәселе бүгінгі мектеп алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы орайда негізгі әңгіме өзегі мұғалім беделі, білім ұясының бүгінгі хал-ахуалы турасында болды. Бірінші бөлімде «Мектептегі білім сапасы қандай?» деген сауал ортаға салынып, қала жұртшылығы мен зиялы қауымнан алынған бейне сауалнама ұсынылды. Бейне сауалнаманы арқау еткен дөңгелек үстел қатысушыларына Тараз қаласының мектептерінде қызмет етіп жүрген жас ұстаздарымыздың білім сапасы туралы пікірлері мен әлеуметтік желі арқылы жүргізілген сауалнама қорытындысы ұсынылды.

Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде «Мектеп-Пединститут кластерінің жұмысын қалай жандандыруға болады? Мектеп аталмыш жоғары оқу орнынан не күтеді?» деген мәселелер бойынша Оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Расима Амандосова институтымызда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы толық мәлімет берді. ТарМПИ-дің жас түлектері өздерінің алғаш мектеп қызметіне араласқанда күнтізбелік және жылдық жоспар жасау, журнал толтыру, сынып жетекшісі ретінде ата-аналармен қарым-қатынысқа түсу сынды қиыншылықтарын жарыса айтса, үлкен буын оқулық сапасыздығы, ата-аналар тарапынан түсініспеушілік, оқушылардың әдеби, классикалық кітаптар оқуға деген қызығушылығының төмендігін және ұялы телефон, смартфон, планшет сынды заманауи технологиялардың орынсыз қолдануы жас жеткіншектердің оқудан ауытқуын, денсаулығына зиян келтіріп, білім жүйесіне кедергісін тигізетіндерін айтты. Мектеп пен институт арасын жалғап тұрған «педагогикалық практика» мәселесі де көтеріліп, екі жақ ортақ мәмілеге келді. Дөңгелек үстел қатысушылары мен біздің әріптестеріміздің ортақ мәселеге ден қоюы біршама нақты әрі жаңа ұсыныстарды туғызды. Жиын соңы ТарМПИ түлектері арасында 2-25 ақпан аралығында «Үздік флипчарт» және «Үздік мультимедиалық оқу презентациясы» номинациялары бойынша өткізілген виртуалды байқаудың жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Дөңгелек үстел қатысушылары осы тақілеттес жиындардың мән-маңызы жоғары екенін айтып, «Дидактикалық орталық» жұмысына сәттілік тіледі.

Дереккөзі: tarmpi.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар