Назарбаев Университеті кәсіби деңгейдегі мамандардың басты ұстаханасы болуы тиіс - Ә. Жақсыбеков
Астана әкімдігінде қалалық құрылымдар мен «Назарбаев Университетінің» кәсіпкерлік, инновация, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастығы және өзара қарым-қатынасы мәселелері талқыланды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен жиынға ЖОО басшылары мен қалалық құрылымдардың басшылары қатысты.
Жиынды аша отырып, әкім «Назарбаев Университетінің» қызметі Астана үшін де, жалпы еліміз үшін де маңызды екенін атап өтті.
«Университет еліміздің, елордасы Астананың инновациялық дамуын қамтамасыз ететін жас жоғары кәсіби деңгейдегі мамандардың басты ұстаханасы бола алады және болуға тиіс», - деді Әділбек Жақсыбеков.
«Назарбаев Университетінің» басшылығына бизнес-құрылымдар мен экономика саласындағы сарапшылардың білім ордасының қызметіне зор қызығушылық танытатынын жеткізді. Сондай-ақ, елорданың дамуына байланысты серіктестіктің бірнеше перспективті бағытын белгілеп берді. Атап айтқанда, ЖОО мен қалалық білім беру жүйесінің арасында ақпаратпен, озық жобалармен және тәжірибемен жан-жақты алмасу, бірлесіп олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауларын өткізу. Әділбек Жақсыбеков Астана үшін басым бағыттардың бірі ақпараттық технологиялар саласы екенін айтты.
«Назарбаев Университетінің» қызметкерлері мен студенттері Астанада «ақылды қызмет көрсетуді» енгізу бойынша жаңа техникалық шешімдер әзірлеуге зор үлес қосатынына сенімдімін. Қызығушылық танытқан студенттерге жалпы қала бойынша осындай жобалардың үйлестірушісі болып табылатын «Астана Innovations» АҚ тәжірибеден өтуді ұсынамыз», - деді әкім.
Сонымен қатар, Астана ЖОО инновациялық жобаларын іске асырудың басты алаңына айналуы керектігі, бұл үшін барлық жағдай жасалып жатқаны атап өтілді.
Жастар саясаты саласындағы ынтымақтастыққа тоқтала келе, қала басшысы студенттерді «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің волонтерлік корпусының құрылуы аясында «Волонтерлік мектеп» жобасына қатысуға тарту қажет екендігін ерекше атап өтті. Астана әкімі елорда жастары мен мектеп оқушыларының «Назарбаев Университетіне» деген қызығушылығын ескере отырып, аталған ЖОО-да экскурсиялар мен ашық есік күндерін ұйымдастыруды ұсынды.
Өз кезегінде, «Назарбаев Университетінің» президенті Шигео Катсу университеттің мақсаттарының бірі Астананың халықаралық инновациялар, бизнес және білім орталығы ретінде қалыптасуына үлес қосу екенін айтты.
Дереккөзі: inform.kz