Өзектi

ҚР БҒМ ЖОО-ларда жемқорлықпен күрес үшін арнайы портал ашпақ

24.02.2015

5402

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 19 ақпанда «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы Республикалық қоғамдық кеңесі өткізген отырысының қортындысы бойынша төмендегі ақпаратты жолдайды.
Білім беру саласындағы жемқорлық деңгейін азайтудың тиімді жолы 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген тапсырмалардан тұрады. Аталған бағдарлама шеңберінде негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде.

1. Инфрақұрылымды дамыту мен жалпы халыққа білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. ҚР БҒМ Елбасы тапсырмасы бойынша, республикалық бюджеттен және Ұлттық қор есебінен 2015-2017 жылдары 142 мектеп пен 60 балабақша салуды жоспарлап отыр.

2. Білім беру ұйымдарында корпоративті басқару жүйесі қалыптасуда.

Жоғары білім саласы бойынша, еліміздің 62 ЖОО-сында құрамына қоғамдық ұйымдар өкілдері кіретін Қамқорлық кеңестері жұмыс істейді. 9 ЖОО-да Бақылау кеңестері бар.

Мектептер мен колледждерде Қамқорлық кеңестері құрылуда (2015 ж. - 45%, 2020 ж. - 60%). Олар білім беру ұйымының даму стратегиясын анықтап, негізгі қызметтерді тағайындаумен және қаржымен жұмыс барысын бақылаумен айналысулары тиіс. Бақылау кеңестерінің маңызын арттырудағы басты шарт - оның құрамына ата-аналар, жұмыс берушілер, мемлекеттік емес ұйым өкілдері және түрлі салалық қауымдастық өкілдерінің кіруі.

3. Жан басына қарай қаржыландыру жүйесін енгізу ресурстарды бөлудің барлық механизмін айқын көруге мүмкіндік береді, мектептердегі жұмыстың тиімділігін арттыру үшін және мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін қосымша қаражатпен қамтамасыз етеді.

4. Мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру мен электрондық жүйеге көшіру халықтың мемлекеттік қызметкермен тікелей байланысу мүмкіндігін төмендетеді.

5. Білім беру процесіне қоғамдық мониторинг жасау мектептегі білімнің жағдайын анық көрсетеді.

Министрлікте жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметкердің қызметтік этикасын сақтау Комиссиясы құрылып, жұмыс істеуде. ЖОО-дағы жемқорлықпен күрес үшін арнайы Кеңес құрылды. Құрамына Қоғамдық тұлғалар кіретін Жемқорлыққа қарсы күрес үшін Қоғамдық кеңес бар.

2011-2015 жылдарға арналған Жемқорлыққа қарсы күрестің салалық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның басты міндеті - жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы жетілдіре түсу, жемқорлықпен күресуде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру.

2014 жылы Министрлікте Ішкі бақылау комитеті құрылды. Оның жұмысы нәтижесінде үш материал Қаржы полициясына берілді. Бюджеттік заңнаманың бұзылғандығы жөнінде 35 ұсыныс дайындалып, тиісті органдарға берілді.

Министрліктің кадрлармен жұмыс басқармасы бос ваканттық орындарға үміткерлер мен қызметкерлердің сотталғаны, басқа да кемшіліктері туралы ақпараттарды тексерумен тұрақты түрде айналысады. Нәтижесінде 2014 жылдың күзінде ҚР БҒМ орталық аппаратындағы Жастар ісі департаментінде (бұрынғы жас ісі жөніндегі комитет) жемқорлыққа қатысты факті анықталып, оның алдын алды. Оған қатысы бар қызметкер ведомстволық құрылымда 2012 жылдан бері жұмыс істеп келген. 2014 жылдың қарашасында аталған жағдайға байланысты жұмыстан шығарылды.

Министрліктегі жетекшілер «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына тұрақты түрде қатысып отырады. Министрлік басшылығының (министр, вице-министрлер) өзара келісім құжаттары бойынша 2014 жылы азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес қабылдау 14 сәуірге, 27 тамызға, 4 маусымға және 8 қазанға белгіленген. Өткен жылдың қазан айында азаматтарды Білім және ғылым министрі Сәрінжіпов А.Б. қабылдады.

Қазіргі уақытта Министрлік сарапшыларымен бірге оқу орындарында жемқорлыққа қарсы күреске баулитын әдістемелік құрал жасалып жатыр. Сонымен қатар, «Құқық негіздерінің» типтік бағдарламасына жемқорлықпен күреске қатысты тақырыптар енгізу жоспарлануда. Тақырып пән мазмұнының 15%-ын құрайды.

ЖОО жұмыстарының айқындығы үшін, ондағы жемқорлықпен күресу үшін арнайы портал ашуға қатысты жұмыстар жүргізілуде.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар