Өзектi

Қожа Ахмет Яссауи Түркі халықтарының әдебиетіне реформа жасаған тұлға - А.Әбдірасылқызы

16.02.2015

6027

Қожа Ахмет Яссауи Түркі халықтарының әдебиетіне реформа жасаған тұлға. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Діндер жөнінде ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнур Әбдірасылқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Дінаралық диалог және Қожа Ахмет Яссауи мұрасы» атты халықаралық ғылыми конференциясында айтты.
«Зерттеулердің соңғы нәтижесіне жүгінсек, Яссауи Түркі халықтары әдебиетіне үлкен реформа жасаған тұлға», - деп сөзін бастаған А.Әбдірасылқызы бірқатар дәлелдер келтірді.

- Атап айтқанда, Қ.А.Яссауи ең алдымен сопы, діндар, дін ғұламасы. Ол әдебиетте реформа жасауды мақсат тұтқан жоқ. Қандай да бір көркемдің құралдар қолданайын, жанрларды жаңадан жасайын, «хикмет» деген жанрдың негізін салайын деген мақсаты болған жоқ. Ол - ақын, оның бүкіл эмоциялық сәттегі күйлері өлеңмен бейнеленеді. Жалпы, сопы адамдардың жан дүниесі лиризмге жақын. Сондықтан Түркі әлеміне лиризмді алып келген - сопылық поэзия, сопылық поэзияның негізін салушы - Яссауи.

Ең алдымен Яссауи өз жерінде өмір сүрген бүкіл Түркі ақындарын танып, поэзиясын терең түсіне білді, оған нақты дәлелдер бар. Жай ғана шолып өтетін болсақ, Яссауидің бүкіл көркемдік құралдарында, хикметтеріндегі барлық жанрлық ізденістерде, тақырыптарда, сонау жанрлық түрлердің өзінде де көне Түркі әдебиетіне тамырлас тұстар көп. Мысалы, «Ғұмырнаманың» алғашқы сөйлемдерінің негізі сонау Күлтегін ескерткіштерінде жатыр. Яссауи Күлтегіндегі жанкешті көріністі өз жанрында нәпсімен күреске бағыттаған.

Өлең құрылымы тұрғысынан алсаңыз да дәл осындай сәйкестіктер кезігеді. Қожа Ахмет Яссауи өзінің хикметтерінің үлкен бөлігін өзіміздің көнеТүркілік 12 буынды қара өлең стилімен жазды. Өкінішке қарай, біздің көптеген зерттеушілер Яссауи хикметтерінің барлығын араб, парсы әдебиеті негізіне жатқызуға тырысады, идеясын да, мазмұнын да, сопылық лиризмін де, тіпті өлең құрылысын да араб, парсыдан алған деп жатады. Бірақ жоғарыда көрсетілгендей, Яссауи бүкіл бастауын Түркілерден алды. Яссауидің ұйқастары - шалыс ұйқас, кезектес ұйқас та өзіміздің көне Түркіден келе жатқан ұйқастар. Дәл осындай 12 буынды 4 тармақты өлең стилі Қашғаридің «Диуану лұғат-ат-түрк» еңбегінде де кездеседі.

Сопылық әдебиеттің негізін салған, тұғырландырып, қалыптастырып, «Хикметті» жанр дәрежесіне жеткізген - Яссауи. Ол үлкен ақындық мектептің негізін қалады. Көркемдің қуаты мол болғандықтан бертінде де ақын-жыраулар Яссауи поэзиясынан нәр алды. Оның ішінде Ш.Құдайбердіұлын ерекше атауға болады. Сондай-ақ, кез келген көркемдік құралды Яссауи поэзиясынан табуға болады. Теңеу, арнау, риторикалық сұраулар, әр түрлі символикалық бейнелеулер болсын, барлығы бар.

Ұлттық идеологияға сұранып тұрған Яссауи ілімі, ең алдымен, рухани-моральдік ілім.

Соңғы жылдары түрлі қолдан жасалған қоғамдің пікірдің салдарынан, сонау зікіршілерге тағылған әр түрлі айыптардың салдарынан Яссауиден «айырылып» қалайын деп тұрған жайымыз бар. Яссауидің қабірін отқа орап көрсетіп жатқан сұмдықтар бар, оны ұмыттыруға да тырысып жатқан адамдар бар.

Өкінішке қарай, мың жылда бір-ақ рет келер әулиені, бәзбір ұлттарға мәңгі бұйырмайтын тұлғаны біз бүгінгі күні қайта жаладан арашалап алуға мәжбүрміз. Жалпы дінтану ілімінің бір курсы ретінде оқыту жүйесіне қосу қажеттілігі күн тәртібінде тұр, - деп ойын түйді Айнур Әбдірасылқызы.

Автор: Ризабек Джумажанов

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар