Вьетнамның академиялық топтары қазақстандық талдау-сараптама орталықтарымен ынтымақтасуға мүдделі
Ханой қаласында Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшісі Бекетжан Жұмахановтың Хошимин атындағы Мемлекеттік саяси академиясының басшылығымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Академия Президенті профессор Та Нгок Тан қазақстандық талдау-сараптама мекемелерімен тікелей ынтымақтастық орнатуға дайындығын білдірді.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Академия Вьетнамның Отандық фронты сияқты әлеуметтік-саяси мекемелерге саяси теориялық мәселелері жөніндегі негізгі және жоғары қызметтегі партиялық, басқару және ғылыми кадрларды дайындау бойынша мемлекеттік орталық болып саналады. Сонымен қатар, аталмыш оқу орны мемлекет және партия басшылығына елдің саяси, теориялық және экономикалық даму мәселелері бойынша зерттеулер дайындап, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өз ұсыныстарын береді.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат екі онжылдық ішінде Қазақстан экономиканың серпінді өсіміне негізделген саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің бірегей моделін құрғанын атап өтті.
Б. Жұмаханов ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жаңа «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларына ерекше көңіл бөлді. Ол аталмыш құжат әлемдік экономика мен саясаттың тұрақсыздығы кезінде еліміздің тиімді дамуына негіз болатын қазіргі жаһандық қатерлерге тиісті жауап болып табылатынын атап өтті.
Өз кезегінде Та Нгок Тан Қазақстан мен Вьетнам арасында қалыптасқан екі жақты қарым-қатынастарының достық сипатын атап өтіп, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның қарқынды дамуын, сондай-ақ, саяси және экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Та Нгок Тан Академия халықаралық сараптау, ғылыми, әлеуметтік және журналистік топтармен тығыз қарым-қатынастар орнатқанын мәлімдеді. Академия тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Академияның тыңдаушылары Ұлыбритания, Германия, Италия, Австралия, Жапония, Корея, Сингапур, Малайзия елдеріне оқуға жолданады.
Дереккөзі: inform.kz