АҚШ ғалымдары жаман әдеттерден арылуға көмектесетін білезік ойлап тапты. Бір қызығы, құрылғының иесі баптауларын өз ыңғайына қарай реттеп ала алады. Егер ол әдеттегідей темекі тартып, жеуге болмайтын тағамға қолын созса, тоқ ұрады екен.
Джастус Ипен күнде кешкісін жұмыстан кейін сыра ішуге құмар болған. Мұның арты жақсылыққа әкелмесін түсінген ол осы әдетінен арылуға бел буады. Қазір оның ажырамас серігі бар. Ол – Pavlok білезігі. Джастус өз-өзіне берген уәдесін бұза қалса, білезік тоқпен ұрып, сазайын тартқызады екен. Джастус Ипен, Pavlok білезігін қолданушы:
- Қатарынан 5 күн бойы бокалымды сыраға толтырған бойда, өз-өзімді тоқпен ұрдым. Әрбір жұтым жасаған сайын да білезікті іске қосып отырдым. Содан кейін сыраны алмайтын болып кеттім. Джастус үшін бұл құрал санаулы уақыттың ішінде өз нәтижесін берді. Дәстүрлі емес емнің арқасында спирттік ішімдік ішпегелі 4 ай болыпты. Джастус Ипен, Pavlok білезігін қолданушы:
- Қазір мен сыраны ішпей-ақ, қиялымда ләззат алатын болдым. Баяғыдай нәпсіге қарсы тұра алмайтын, ішімдікке деген құмарлықты баса алмайтын әдетімнен құтылдым. Қолғабыс құралды ойлап тапқандардың айтуынша, білезік адамды тоқпен ұрған кезде, мидағы жаман әдетті қалыптастыратын нейрондар бір-бірінен ажырайды екен. Pavlok-тің пайдасы арта түсуі үшін өнертапқыштар дене жаттығуларын не болмаса медитация сияқты жақсы әдеттерге дағдылануға кеңес береді. Крис Шельзи, Pavlok жобасының маркетингі жөніндегі директор:
- Pavlok-тің тиімділігі біз ойлағаннан да зор болып шықты. Құралды зерттеу кезінде шылым тарту, ішімдік ішу, тырнақ тістеу, депрессиялық ойлар сияқты әдеттерге қарсы қолданып көрдік. Бұлардың барлығы да қазір біздің білезікке тойтарыс бере алмайтынына толық сенімдіміз. Білезіктегі разрядтың мөлшері – 350 вольт. Бірақ оны әркім өзіне сай мөлшерге дейін азайта алады. Әзірге Pavlok-ті қолданушылар оны өз қолымен іске қосуға мәжбүр. «Бірақ жуық арада білезікті өздігінен жұмыс істейтіндей дәрежеге жеткізбек жоспарымыз бар», - дейді өнертапқыштар. Мәселен, олар интернеттегі бұлт жүйесі мен кәдімгі Bluetooth арқылы компьютердің алдында телміріп отырушыларға қарсы қызмет түрін енгізбекші.
Авторлары: Қаракөз Тұрмағанбетқызы, Әсем Хасенқызы
Дереккөзі: 24.kz