Өзектi

12 жылдық білім беру жүйесі кейінге шегеріледі - БҒМ

22.01.2015

8581

Қазақстанда 12 жылдық білім беру бағдарламасын енгізу кейінге шегеріледі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.

«Еліміздің бірқатар мектептерінде тәжірибе жүзінде 12 жылдық білім берудің жаңа стандарттарына сынақ жасалған. Ағымдағы жылдың мамырында бұл сынақ аяқталады. Біз осы сынақтың нәтижелерін қарастырып, сосын 12 жылдық білім беруге көшуді шегеру туралы ұсыныс жасайтын боламыз», - деген министр ресми ведомствоның ұстанымы осындай екенін алға тартты.

Оның сөзіне қарағанда, аталған жаңа бағдарлама бойынша 400-ге тарта оқушы білім алып жатыр. Ал сынақ аясында қолданылған барлық жұмыстар мен нәтижелер 11 жылдық бағдарламаны жақсарту үшін пайдаланылады. Дегенмен, ведомство басшысы 12 жылдық білім беру жүйесінің қанша уақытқа шегеріліп отырғанын нақтылаған жоқ. Министрдің айтуына қарағанда, жаңа жүйені енгізуді шегеруге бірқатар факторлар, соның ішінде қаржылық мәселелер басты рөл атқарып отыр. Осыған орай, Білім және ғылым министрі Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет экономикадағы жағдайға қатысты түрлі сценарийлер бойынша жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар