«Нұрлы жол» – бұл күнтізбедегі жаңа уақыт өткелі емес. Ол- өткенді таразылап, өмірдің мәнін жаңаша түсінуге, келешекті дұрыс анықтап, болашаққа бастайтын жол. Ал қоғамның қарқынды дамуы, көбіне оның білімімен және мәдениетімен анықталады. Сондықтан, білім жүйесін құру, қоғамды күн сайын қарыштап дамып отырған әлемге дайындау – бүгінгі күннің ең негізгі және өзекті мәселесі. Сондықтан Еуразия ұлттық университеті ғылыми-әдістемелік жүйеге жаңа талаптар мен міндеттер қойып отыр.
Ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті
2015 жылы 14 қаңтада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жыл басталғалы алғашқы басқосу болғандықтан күн тәртібіне келелі мәселелер шығарылды. Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Жәмила Нұрманбетова кеңес мүшелеріне күн тәртібіндегі мәселелермен танысуға бес-он минут уақыт берді. Содан кейін оның алғашқы екеуі – «2014-2015 оқу жылына Ғылыми-әдістемелік кеңестің құрамын бекіту» және «2014-2015 оқу жылына Ғылыми-әдістемелік кеңестің жұмыс жоспарын бекіту» күн тәртібіне қойылды. Кеңес мүшелері екі мәселеге де ішнара түзетулер енгізе келіп, өзгеріссіз бекітті.
Ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Сандық білім беру ресурстарын құру және жетілдіру» жобасына арналды. Бұл тақырып бойынша Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, жоба жетекшісі Жанат Нұрбекова сөз алды. Жасыратыны жоқ, техникалық құрал-жабдықтардың дұрыс істемеуі ғалымның көсілуіне өз кедергісін келтірмей қалған жоқ, он минутқа белгіленген уақыт жарты сағатқа созылды.
Ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті
Сандық білім беру ресурсы - әдістемелік құрал. Сандық білім беру контентін электронды оқулықтар, компьютерлік ойындар, виртуалды жаттығу әдістері, ғылыми - әдістемелік зерттеулер құрайды. Мәселен, оқушы электронды оқулық арқылы білімін жетілдіріп, интерактивті тапсырмаларды орындаса, сандық білім беру ресурсы белгілі бір пәнді түбегейлі зерттейді. Демек, жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабынан туындап отыр. Кеңес мүшелері жобаның өзектілігіне, негізгі мақсатының толымдылығына, ғылыми идеялардың негізі мен әдістемелік жүйесін ескере келіп, бұл тақырыпқа бір мәжілістен кейін қайта оралатын болып келісті.
Ғылыми-әдістемелік кеңестің отырысы өтті
Сондай-ақ «Кәсіпорын талаптарын ескеретін машықтануға бағытталған білім беру бағдарламаларын құру», ҮИИД МП (үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама) туралы кафедра меңгерушісі Е.Сәбитов, «Кәсіптік стандарттар негізінде мемлекеттік бағдарламаны жетілдіруге, сараптауға және жүзеге асыруға әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілерді тарту» бойынша Оқу-әдістемелік жұмыстар және жоспарлау бөлімінің бастығы Ж. Қарағойшин, «Интернационалдандыруды профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығы арқылы дамыту» жөнінде Халықаралық ынтымақтастық департамент директоры Г.Абитова сөз алды.
Әртүрлі мәселелерді қоса қараған Ғылыми-әдістемелік кеңес жыл басындағы алғашқы отырысын қорытындылады.
Дереккөзі: enu.kz