Біздің қоғам донор болуға неге дайын емес?..
Ахан АЙХАНОВ, С. Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің ректоры, м.ғ.д, профессор:
– Трансплантациялау операциясы шетелдерде ұзақ уақыттан бері жасалуда. Қуантатыны сол, соңғы уақытта осындай күрделі операцияны қазақстандық дәрігерлер де мықтап игере бастады. Алғашқы нәтижелер де жақсы. Алайда мұндай операцияны жасау үшін міндетті түрде донор қажет. Сонда кім донор болуы мүмкін? Міне, басты мәселе де осында! Ең алдымен, бұған қоғам дайын болуы керек. Мұның барлығы қаржыға келіп тірелетіні даусыз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, көп жағдайда туысқан адамдар аурудың зардабын жылдар бойы тартқан ағайын-бауырына амалдың жоғынан өзінің бүйрегін немесе бауырын беруге келіседі. Сондай-ақ соңғы уақытта елімізде тұрмыс мұқтаждығынан бауырын немесе бүйрегін сатуға бел байлаған азаматтар да кездесуде. Әрине, бұл дұрыс емес. Өйткені мұндай маңызды іс-шараны міндетті түрде заңдық тұрғыдан шешу қажет. Мысалы, бірқатар шетелдерде адамдардың ағзасын сату заң жүзінде қарастырылған. Біздің қоғамның да ойланғаны жөн.
Есентай ТӘЖИЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
– Медицинаның трансплантология саласы – Қазақстанда өте кенже қалған саланың бірі. Шетелдерде медицинаның бұл саласы әлдеқайда дамып кеткен. Осыдан он жыл бұрын біздің дәрігерлер трансплантологияны біртіндеп меңгере бастады. Бастапқыда жетістік соншалықты болмағанымен, соңғы екі-үш жылда бұл сала жақсы дами бастады. Мысалы, Астана мен Алматыда, Шымкент пен Қызылордада, Тараз қаласында жергілікті хирург дәрігерлер трансплантациялау операциясын өте сәтті жасап, өздерінің білім-біліктерінің жоғарылығын көрсетті. Бұл – медицина саласындағы ілкімді ізденістің нәтижесі. Алайда «адамның қажетті органын (бүйрек пен бауыр) қайдан алу қажет?» деген мәселе туындайды. Еліміз дәрігерлері бұған дейін ауру адамдарға олардың ағайын-бауырларының, туыстарының бүйрек-бауырларын ауыстырып салды. Бұл мәселеде донор табу оңай емес. Тіпті, қазір біздің қоғамда тұрғындар донор болуға дайын емес. Мысалы, шетелдерде әрбір адамның қалтасында арнайы құжат жүреді. Міне, осы құжатта әлдеқандай апатты жағдай бола қалса, онда әлгі адамның қажетті органдарын кімге салу туралы келісімі жазылады. Дәрігерлер осы жазбаға қарай әрекет етеді. Мұндай тәжірибе көптеген дамыған елдерде бар. Осыған орай, арнайы құрылымдар әр аймақ тұрғындары арасында трансплантология туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізгені абзал. Түсіндіру шараларын қолға алғанда ғана Қазақстанда донор мәселесін жолға қоюға болады.
Дереккөзі: aikyn.kz