Соңғы жылдары еліміздегі трансплантологиялық қызмет айтарлықтай алға жылжыды. Сөйтіп, өткен жылы ұзын саны 224 трансплантациялық операция жасалды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда алпыстай операцияға артық екен.
Осы саланың маңында жүргендердің айтуынша, егер қоғам тарапынан донор болуға ықылас артса, онда қаншама адамның екінші рет өмірге келуіне мүмкіндік туар еді. Өкінішке қарай, әзірге олай емес. Сондықтан трансплантолог ғалымдар дабыл қағуға мәжбүр болып отыр.
Балаларға донор жоқ!
Бүгіндері елімізде трансплантацияны қажет ететін адамдар саны артып барады. Бір өкініштісі, олардың қатарында балалар да баршылық. Диагностиканың дамуы балалар арасында трансплантологиялық операцияға мұқтаж науқастардың көп анықталуына ықпал етуде. Тіпті, соңғы уақытта науқас балалардың ағзасын алмастыруға донор тапшылығы қатты сезіле бастаған. Сондықтан пациенттер мәйіттен болса да, трансплантациялық операцияға кезек күтіп жүр. Бар ғұмыры донор күтумен өтіп, көз жұмып жатқандар да бар. Бұл – факт.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде бүйрек трансплантациясын қажет ететін 2 мыңға тарта науқастың 49-ы балалар. Ал жүрек трансплантациясын қажет ететіндердің де арасында оннан аса бала бар. Бауыр трансплантациясын күтіп жатқан 565 адамның 15-і бала. Алайда, олардың да донор күтумен күн өткізіп бақилық болып кетпесіне кепіл жоқ. Өйткені, өткен жылы донор табылмағандықтан, шалғайда тұратын екі бала көз жұмған. Олар диалезді 4 жылдан бері үйлерінде алып келген екен. Денсаулықтары нашарлаған соң, облыс орталығына жеткізілмек болған, алайда, қыршын ғұмыр жолда үзіліп кеткен.
«Ана мен бала» ғылыми-зерттеу орталығы АҚ Бүйрек орталығының жетекшісі Венера Алтынованың айтуынша, бұқара халықты донор болуға дайын тұруға тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселе.
«Біздің балаға бүйрек салу операциясы екі жыл бұрын бастадық. Содан бері жиырмадан астам балаға бүйрек салынып, олар екінші рет өмірге келді. Бұл жағдайдың барлығында дерлік негізінен, донор ата-аналары болды. Бір қиындығы, біздің мемлекетте бала мәйітінен ағза алуға рұқсат берілмеген, сондықтан ересек адамдардың ағзасын саламыз. Мәйіттердің ағзасы балаға сәйкес келе бермейді» деген Венера Қанапияқызы енді балаларға бауыр салуға дайындалып жатқандарын айтады.
Венера Қанапияқызының сөзіне қарағанда, көптеген елде балалар донорлығына рұқсат етілген. Бірақ біз ол елдерден донор тарта алмаймыз, себебі кез келген ел мәйіттегі ағзаны бірінші кезекте өз елінің азаматына салады. Ал біздің қоғам бақилық болған туысының ағзасын басқаға қимайды. Сол туыстар донор күтіп жатқан науқас баланың жүзіне бір қараса, қайтер екен, өзгерер ме еді деген ой келеді. Өздерін сол науқас баланың ата-анасының орнына қойып көрсе ше?..
Әлеумет не дейді?
Біздің қоғам өзінің, яки туысының ағзасын донор ретінде қиюға қаншалықты дайын екенін білу мақсатында Facebook әлеуметтік желісінде шағын сауалнама жүргіздік. Сөйтіп, «Сіздер туыстарыңыз бақилық болған соң, оның бауыры мен бүйрегін, жүрегін басқа науқасқа беруге келісесіздер ме?» деген сауал тастадық. Бір айта кетерлігі, сұраққа жауап бергендердің басым бөлігі БАҚ өкілдері, саясаттанушылар және педагогтар.
Жоғарыдағы сұраққа жауап берген 30 адамның 8-і ғана туыстарының ағзасын беруге қарсы. Үш түрлі пікірлерден үзінді келтірсек, Сара Рахатова: «Ағза мүшелері Алланың аманаты деп санаймын, бір тал қасымызға дейін, сондықтан өзіне түгел етіп қайтарған дұрыс. Бұрын әжем марқұм айтып еді: «Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың» деп», Ұларбек Дәлейұлы: «Бір мұсылманның зәру қажетіне жараса, ойланбай берер едім», Нұрсерік Жолбарыс: «Туыстарымда шаруам жоқ. Өзім донор болуға келісер едім» дейді.
Екінші сұрақ «Сіз бақилық болғаннан кейін (әйтеуір бір күні көз жұматынымыз анық қой, сұрақты ауыр қабылдамауларыңызды өтінемін) өз ағзаңыздың басқа адамға трансплантацияланғанын қалайсыз ба?» деген мазмұнда қойылды. Бұл сұраққа жауап берген 50 адамның 7-уі ғана қарсылық танытты. Олардың уәжі: «О дүниеге барғанда тырнағыңа дейiн сұралады дейді ғой! Бүтін күйімде кетемін!», «Денеміз Алланың бізге уақытша аманатқа бергені ғой, сондықтан діни тұрғыда қалай болады екен... Ал былай, әрине, жаның көкке ұшқанда да, біреуді ажал тырнағынан алып қалып жатсаң қандай жақсы» дегенмен сарындас. Сондықтан біз дін өкілдерінің де пікірін беруді жөн көрдік.
Асхат САЛИМОВ, «Нұр Астана» мешітінің наиб-имамы:
– Исламда адам өмірі жоғары бағаланады. Мұхаммед пайғамбар: «Адамның өмірі, адамның қадір-қасиеті қағбадан да биік» деген. Адам болған соң ауырады, денсаулығына қатер төнеді. Бұл сұраққа біз шариғатқа және мұсылман ғалымдардың пәтуаларына сүйене отырып жауап береміз. Яғни, тірі адамнан да, өлі адамнан да тірі адамға трансплантация жасауға рұқсат. Бірақ ғалымдар, шариғатқа сүйеніп отырып, бірнеше шарттар қояды. Тірі адамнан алғанда донор ақыл-есі дұрыс, шешім қабылдай алатын жастан асуы керек. Беретін ағзасы садақа ретінде, яғни тегін болуы тиіс. Тағы бір ескеретін жай, ағзасын берген адамның өміріне қауіп төнбеуі керек.
Исламда өлген адамнан тірі адамға ағза ауыстыруға рұқсат етілген, ол да тегін болу керек, бірақ өлген адамнан тірі кезінде келісімін айтуы тиіс. Адам өмірінде өлім әртүрлі болады, кенеттен қайтыс болған адамның жақын туысқандары рұқсат берсе ғана, мәйіттен ағза алынады. Шариғатта өлім жазасына кесілген адамның да ағзасын рұқсатсыз алуға болмайды. Ислам дінінде жыныстық мүшелерді трансплантация жасауға болмайды.
Үнсіздік – келісім белгісі ме?
Кардиохирургиялық ғылыми-зерттеу орталығының заңгері Қуаныш Ақпаленовтің пікірінше, бақилық болған адам көзі тірі кезінде өз ағзасын науқастарға беруге қатысты қарсы пікір білдірмеген болса, онда ол автоматты түрде донор болуы тиіс екен. Ол мұндай тәжірибе бірқатар елдерде барын алға тартып отыр.
«Бұл марқұмның өз ағзасын салуға келісуі деп қабылдау керек, үндемеу – келісім белгісі. Ал қазіргі таңда көз жұмған адамның қарсы болған-болмағанын білетін база жоқ, өкінішке қарай. Ол туралы туысынан да сұрай алмайсың. Себебі марқұм көзі тірі кезде донор болуға қарсы болмаған делік, алайда, туысы оның ағзасын кескілеуге келіспеуі мүмкін ғой. Сондықтан біз осы жағын заңмен реттеп алғымыз келеді» дейді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ағза мүшелерін сатуға тыйым салған. Алайда, жарнамалық газеттерде ағзасын сататынын жариялайтындар да жоқ емес. Ал өткен жылы банктен қарыз алған Бақыт Әбдірахмановтың несиесін төлеп, үйін алып қалу үшін бүйрегін 250 мың теңгеге сатқаны туралы ақпарат жарық көрді. Бүйрегінен айырылған азаматтың жүріп-тұруы ауырлап, денсаулығы сыр бергені де айтылды. Егер заңға салсақ,
Б.Әбдірахманов бұл қадамға амалсыз барған күнде де, заң бұзған болып есептеледі екен. Ал дәрігер ше? «Егер оның бүйрегін саудаға салғанын дәрігер біле тұра, операция жасаған болса, ол да жазаға тартылуы тиіс. Әдетте заңнамаға сәйкес, трансплантологиялық операция донордың келісімі нотариустың растауымен ресімделген соң ғана жасалады. Егер дәрігерге ондай құжат ұсынылған болса, онда ол жауапкершіліктен босатылады» дейді Қ.Ақпаленов.
transplant.kz сайты қазақша сөйлесе...
Қазақстандағы трансплантация саласын дамыту мақсатында барлық қадам жасалып жатыр. Соның бірі – Трансплантациялау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының құрылуы дер едік. Аталған орталық трансплантация қызметін үйлестіріп отыру үшін облыс орталықтары мен ірі қалалардан, Алматы мен Астанадан өкілдіктерін ашқан.
2013 жылдан бері жұмыс істейтін орталықты медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев басқарады. Орталық дерегіне сүйенсек, былтыр 169 адамға бүйрек туыстарынан, 17 адамға мәйіттен салыныпты, 25 адамға бауыр туыстарынан, 7 адамға мәйіттен салынған. Сондай-ақ өткен жылы 7 адамға жүрек трансплантациясы жасалған. Бүгіндері елімізде органдар жинауды жүзеге асыратын 37 донорлық стационар, трансплантациялық операциялар жасауға лицензия алған 9 трансплантологиялық орталық жұмыс істейді.
Донорлар мен реципиенттерді есепке алатын бірыңғай регистр де құрылуда. Сонымен қатар Трансплантациялау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының transplant.kz ақпараттық порталы ашылған. Бұл порталдан трансплантологиялық қызметке қатысты барлық сұраққа жауап алуға болады. Алайда, портал орыс тілінде ғана екен. Біз порталдың қазақ тілінде де сөйлегенін қалар едік. Өйткені донор күткен, транплантологиялық операцияға мұқтаж науқастар арасында қазақтілді қауымның үлесі басым екені анық қой.
Авторы: Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Дереккөзі: http://www.aikyn.kz/articles/view/63704