Б.Сапарбаев жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша комиссия отырысы өтті, деп хабарлады www.primeminister.kz сайты.
Кеңесте білім және ғылым министрлігінің, Бас прокуратураның, жоғары оқу орындарының, Қазақстанның Азаматтық Альянсы және ҮЕҰ басшылары қатысты.
Отырыс барысында Комиссия қызметінің қорытындылары және ЖОО-ларды тексеру нәтижелері туралы есептер тыңдалды.
Сонымен, оларды оңтайландыру нәтижесінде бұрыннан жұмыс істеп тұрған 136 оқу орнының 127-сі білім беру қызметін атқарады. Комиссия мүшелері еліміздің жоғары оқу орындарының қызметі мен оларды жаңғырту туралы халықты ақпараттандыру тұрғысынан ҚР БҒМ-нің ақпараттық-насиахаттау жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.
Бұдан өзге, Комиссия сот тәртібінде материалдарды одан әрі сәйкес органдарға бағыттай отырып, екі ЖОО-ны білім беру лицензияларынан айыру туралы шешім қабылдады.
Кеңесте сондай-ақ, білім беру стандарттарына сәйкестігі, білікті кадрларды тарту және материалдық-техникалық базаның болуы тұрғысынан бірқатар ЖОО-лардың қызметі туралы мәлімет ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Б.Сапарбаев жоғары оқу орындарын жаңғырту тетіктерін жетілдіруге, оларды оңтайландыруға, сондай-ақ түлектерді еңбекпен қамту мониторингісінің тетіктерін жасауға және білім, ғылым және инновацияларды ықпалдастыру деңгейін арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөзі: inform.kz