Өзектi

Назарбаев және Қазақ ұлттық университеттерінде «Болашақ» арқылы білім алатын жастарға тіл үйрететін курс ашылады

29.12.2014

4852

Келер жылы Назарбаев университетінде және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алатын жастарға ағылшын тілін үйрететін курстар ашылады. Бұл туралы бүгін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысы алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Комиссия отырысы барысында біз бірқатар түлектерге «Болашақ» стипендиясын беретін боламыз. Бүгін осы комиссия 200-ден астам жас маманға стипендия тағайындайды. Олардың ішінде 220 магистрант бар. Сонымен қатар 10-15 адам докторантура арқылы шетелде оқитын болады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта шетелде 2 мыңнан астам жас білім алуда. Бірақ осы 20 жылдың ішінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам жас білім алды. Сондай-ақ министр өз сөзінде алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдің жоғары оқу орнына түскен жастар елімізде ағылшын тілінен курстан өтетіндігін айтты.

«Келесі жылдан бастап Назарбаев университетінде және Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде ағылшын тілін үйрететін курстар ашатын боламыз. Соның нәтижесінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелге білім алуға баратын жастар Қазақстанда ағылшынша үйренеді. Ал бұл қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді А.Сәрінжіпов.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар