Өзектi

Алматыда Инновациялық даму мәселелерін қозғаған жас ғалымдардың VIII халықаралық конференциясы өтуде

28.11.2014

7378

Бүгін Алматыда жас ғалымдардың VIII Халықаралық ғылыми конференциясы өтуде. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры жанындағы жас ғалымдар Кеңесі ұйымдастырған аталмыш форумның басты тақырыбы: «Инновациялық даму және Қазақстанда қазіргі таңда ғылымға деген сұраныс» деп аталады.
«Бұл конференцияның басты мақсаты - жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми-білім беру кеңістігін сақтау және дамыту. Айта кететін болсақ, бұл үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры жанынан бірқатар кешенді шаралар әзірленген. Олардың бірі - ғылыми зерттеулерге мен жас ғалымдардың шет елдердегі маңызды ғылыми шараларға қатысулары үшін бөлінетін гранттар. Сонымен қатар, бүгінгі конференцияның тағы бір көздегені - жас ғалымдардың өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Сондықтан да бүгінгі шараға Қазақстанның барлық дерлік қалаларынан ғана емес, сондай-ақ Армения, Италия және Ресейден де жас ғалымдар келіп отыр» - деді өз сөзінде Қор жанындағы Жас ғалымдар Кеңесі төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Махмұт Томанов.

Оның айтуынша, биылғы конференция қазіргі ғылымның негізгі бағыттарын айқындай алатын бес негізгі секция бойынша өткізіледі. Олар: Жер туралы ғылымдар, Химия-технологиялық ғылымдар, Физика-математикалық ғылымдар, Биология және медицина және Ауыл шаруашылығы ғылымдары. Оларға қоса, конференция аясында Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар секциясы да ұйымдастырылады.

Биылғы конференцияға аталған секциялар бойынша барлығы 320 ғылыми баяндама келіп түскен.

Конференция барысында Қазақстанның жас ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің көрмесі, жас әлеуметтанушылар мен саясаткерлердің күзгі сессиясы және «Жас ғалымдардың үздік Кеңесі» мен «Ең үздік студенттік ғылыми ұйым» деп аталатын қос байқаудың жеңімпаздары марапатталады.

Оған қоса, конференция аясында Қазақстанның және шет елдерден келген жетекші ғалымдар жас әріптестері арасында шеберлік сыныптарын жүргізеді.

Конференция екі күнге созылады. Оның жұмысына 200 астам жас ғалымдар қатысуда.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар