ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға қаржы байқау негізінде бөлінеді - Б.Сағынтаев
Еліміздің жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға қаржы байқау негізінде бөлінеді. Бұл туралы бүгін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Оның айтуынша, индустриаландыру бағдарламасы аясында айқындалған 10 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға, сонымен қатар білім және ғылым нысандарын салуға, жаңғыртуға және жер сілкінісіне шыдамдылығын күшейтуге 66 млрд. теңге қарастырылып отыр.
«Жалпы, осы 10 ЖОО бойынша біздің Білім және ғылым министрлігіміз 11 ЖОО-ны айқындап отыр. Яғни, қазіргі уақытта осы 11-дің ішінен 10-ын таңдап алу қажет. Демек, біз олардың үздік ондыққа енуі үшін өздерінің арасында бәсекелестік қалыптастырып отырмыз», - деді Б.Сағынтаев.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы өзінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында индустрияландыру бағдарламалары аясында базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталғанын атап өткен еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырған болатын.
Дереккөзі: inform.kz