2009 жылмен салыстырғанда инновациялық өнім көлемі 7 еседен асып, 2013 жылы 599 млрд. теңгені құрады, деп хабарлады «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ынан.
«Зерттеулер мен әзірленімдерге ішкі шығын көлемі 2009 жылы 39 млрд. теңгеден 2013 жылы 61,7 млрд. теңгеге дейін өсті», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, инновацияларды дамыту - ҮИИД бағдарламасының бағыттарының бірі. 2013 жылы ғылымды қаржыландыру 56 млрд. теңгеден астам соманы құрады. Жаңа қаржыландыру механизмдері: базалық, бағдарламалық-тұтастық және гранттық механизм енгізілді.
Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамадан шығарылды. Осы ретте ғылыми-инновациялық даму көрсеткіштерінде айтарлықтай өзгерістер болды.
ҮИИД мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылған мерзімі ішінде Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттеліктің жаһандық индексінің халықаралық рейтингісінде позицияларын «инновациялар» факторы бойынша 17 пунктке, ал жаһандық INSEAD инновациялық индексі бойынша 5 пунктке жақсартты.
2010 жылдан бастап 8 технопарк, 4 конструктивті бюро, 21 коммерцияландыру кеңесі мен 5 аймақтық коммерцияландыру кеңсесі, 2 халықаралық технологиялар трансферті орталығынан тұратын тиімді инновациялық инфрақұрылым құрылды.
Егер 2003 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта 180-ге жуық инновациялық жобаға қолдау білдірілсе, 2010 жылдан бері 577 компания мен инноваторларға мемлекеттік қолдау білдірілді, 4000-ға жуық идея мен әзірленімдер сәйкестендірілді.
Дереккөзі: inform.kz