"Қазіргі кезде ғылым дамуының басты стратегиялық бағыттарының бірі – ғылым мен экономика секторы арасындағы өзара байланысты нығайту, өндірісте ғылыми қызметтің нәтижелерін қолдану" дейді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Астанада өткен «Технологияны коммерцияландыру» атты Халықаралық форум барысында.
«Қазіргі кезеңде инновациялық-ғылыми әзірлемелер формасын күшейтіп, зерттеу жүргізу жұмыстарын, өндіріс зерттеулерінің нәтижелерін және бәсекеге қабілетті өндірісті құруды арттыру қажет. Жекеменшік сектор тарапынан зерттеулерді тарту мен қаржыландыруды ынталандыру керек, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дамуының оралымды механизмдерін де дамыту керек. Ғылым мен бизнесті өзара байланыстыруды қамтамасыз ететін жаңа тәсілдер дәл осы Дүниежүзілік банктің ғылымды коммерцияландыру жобасының аясында реттеліп жатыр. Бүгінгі таңда түрлі бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда, олардан жалпы сомасы 5,2 миллиард теңге көлеміндегі шамамен 50 жоба қолдау тауып отыр. Бірақ, бұл жобалар 1 300-ден астам келіп түскен өтінімдердің ішінен іріктелініп алынғандары. Технологияларды коммерцияландыру жобасының негізгі құраушылары ғылыми базаны нығайту, ғылым мен нарық байланысын қамтамасыз етіп, бағдарламалық басқару»,- деді министр форум барысында.
Технологияларды коммерцияландыру орталығының ұсынып отырған сенімді қызметі мен тұрақты қолдауының арқасында еліміздегі кез-келген ғалым, өнертапқыш өз жобасын қағаз бетінде ғана қалдырып қою мәселесінен бас тартып, оны әрі қарай іс жүзіне асырып, бизнес өнімге айналдырып, нарыққа қосу үшін грант алу мүмкіндігіне ие болады. «Біздің орталық жаңа технологияларды жасаушыларға өз өнімдерін нарыққа бейімдеп шығаруға көмектеседі. Ақшалай қаражаттан өзге, орталығымыздың менеджерлері коммерцияландыру саласындағы халықаралық кеңесшілермен бірге арнайы оқу семинарларын өткізіп, кеңестер береді», - деді Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаев.
Форумда көпшілік алдында ұсынылған жобалардың бірі «BIOPROM TECHNOLOGIES» ЖШС-нің «Микротүйнектен вируссыз картоп алу технологиясын енгізу» жобасы. Бұл жоба туралы компания агрономы Азамат Рахымбековтың айтуынша жобаның міндеті - картоп өндірушілерді отандық өндірістің вируссыз тұқымдық материалымен қамтамасыз ету үшін тұқым шаруашылығын ұйымдастыру. «Вируссыз картоптың өндіріс кезеңі негізінен микротүйнектен, супер-суперэлита түйнегінен, суперэлита түйнегінен және элита түйнегінен тұрады. Көп адамдар өздерінің күнделікті тұтынып жүрген картоптарынан біздің картоптың не артықшылығы бар екендігін сұрап жатады. Вируссыз картоптың артықшылығына келетін болсақ, ол түрлі аурулар мен зиянкестерге төзімді, өнімнің бірқалыпты өсуі мен пісуі, өнімнің шығымдылығы 400 ц/га-ға дейін жоғары, жақсы сақталады»,- деді агроном.
Шарада жалпы қазақстандық компаниялар мен технологиялардың іріктеуден өткен 49 үздік жобасы ұсынылды. Бұлардың барлығы да ҚР Білім және ғылым министрлігінің тікелей қадағалауымен, «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы аясында қолдау тапқан жаңа жобалар. Форум ғылым мен нарықты өзара ұштастырып дамытуды, отандық және шетелдік инвесторлардың ғылыми-зерттеу жобаларына деген көңілдерін аудартуды, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындар үшін технологиялық ұсыныстарды тиімді жасау жолдарын табуды көздейді.
Дереккөзі: baq.kz