Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановпен өткен кездесу барысында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттері ерекше үлгіде жасаған «Студенттік кампус» деп аталатын оқу орнының макетін көрсетті, деп хабарлайды 1720.kz сайты.
Аталған университеттің студенттері Аршын Өжет және Әділ Сайлауов ерекше архитектуралық ғимаратты таныстырып, оның студенттік қалашық маңынан бой көтерсе деген ойларын жеткізді. Жаңа оқу мекемесінің сыртқы бейнесі де ерекше. Студенттер ұсынып отырған ғимарат жобасының тағы бір атқышылығы ол толықтай болмаса да, 70-80 пайыз қуатты күн энергиясынан алмақ.
«Ұсынылып отырған жоба жаман емес. Шағын архитекторлық бағдарлама жобасы бойынша іске асуы әбден мүмкін. Дәл осындай ерекше де көрікті сәулет туындылары қаламызда көбірек тұрғызылуы тиіс. Сонымен қатар, сіздерге алдағы уақытта «қала көркі» сынды байқауларға да қатысуларыңызды ұсынамын», - деді қала басшысы Темірбек Қасымжанов.
Жас архитекторларға сонымен қатар, Шығыс қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Жасұлан Сарсебаев та өз тілегін айтты.
«Бүгінгі күні іске асуға тиіс архитекторлық жобалардың көпшілігі жастардың талпынысын дамытуға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ, олар зәулім сарайлардан гөрі, 1-2 қабатты шағын мекемелер болса жақсы болар еді. Себебі, қаламызда босап бара жатқан мекемелер бар. Әр жыл сайын қаламызда осы сәулет өнеріне байланысты байқаулар өтіп тұрады. Кез келген азамат осы байқауға қатысып, идеясын іске асыруына мүмкіндік баралады», - деді басқарма басшысы Жасұлан Сарсебаев.
Дереккөзі: inform.kz