EXPO-2017

Әлемдегі заманауи ғылыми озық нәтижелерге қолжетімділік Қазақстанда жоғары технологиялық салалар құруға мүмкіндік береді - ҚР БҒМ

22.10.2014

7949

Әлемдегі заманауи ғылыми ақпараттарға, ғылыми зерттеулердің озық нәтижелеріне қолжетімділік Қазақстанда жоғары технологиялық салаларды құрып, ғылымды қажетсінетін экономиканы одан әрі дамытуға септігін тигізеді.
Бұл туралы бүгін Алматыда «Шет елдердің ғылыми ақпараттық ресурсын пайдалану: тәжірибе және басым бағыттар» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы Сансызбай Жолдасбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ғылымды қажетсінетін экономика құру Қазақстан үшін әлемдегі жоғары дамыған 30 елдің қатарына енудегі басты шарттардың бірі.

«Шет елдердің алдыңғы қатарлы, беделді ғылыми-ақпараттық ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етудің арқасында отандық ғылым әлемдік ғылыми ортаға тезірек енді. Сапасы да, әлеуеті де арта түсті. Бұл жерде Қазақстандық ғалымдардың рейтингі жоғары шет елдік ғылыми журналдарда мақалаларының жиі жарық көре бастауы бұған айқын дәлел бола алады» - деді өз сөзінде С. Жолдасбаев.

Дөңгелек үстелдің жұмысына шетелдік компаниялар мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті және Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті, ЖОО мен ҒЗИ басшылары және Ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері қатысуда.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылдың 31 наурызындағы бұйрығы бойынша Қазақстанда ғылыми атақ пен дәрежені белгілеудің жаңа ережесі қабылданған. Бұйрыққа сәйкес, ғылым докторы (PhD), доцент және профессор ғылыми атағын алу үшін ізденушілер халықаралық ғылыми мәліметтер қорына енген рейтингі жоғары ғылыми журналдарға мақала жариялап тұруға міндетті.

2011 жылдың қазан айынан бастап, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ ҚР Білім және ғылым министрлігінің қаржылай қолдауымен дүниежүзіндегі ThomsonReuters (WebofScience), SpringerGmbH (Springerlink) және Elsevier B.V. (ScienceDirect, Scopus) сынды маңызды ғылыми мәліметтер базасының Ұлттық лицензиясына ие болды.

Бүгінгі таңда аталмыш орталық қазақстандық ғылыми ортаның халықаралық мәліметтер базасына қолжетімділігін ұйымдастырып келеді.

Соның арқасында қазақстандық ғалымдардың рейтингі жоғары шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көретін мақалаларының саны арта түсті. Мысалы, 2011 жылдан 2013 жылға дейін WebofScience-та 329-дан 841-ге, ал Scopus-та 464-тен 1636-ға артқан.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар