Жақында Шымкент қаласында «Педиатрия және балалар хирургиясындағы инновациялық технологиялар, олардың өңірлерде даму перспективалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция жұмысына ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы өкілдері мен Қазақстанның педиаторлар одағы мамандары қатысты.
Айтулы басқосуды өткізудегі мақсат – республиканың денсаулық сақтау ұйымдарында балалар ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи жоғары технологиялық әдістерін трансферттеу, түрлі бейін мамандары арасында тәжірибе алмасу болғаны белгілі. Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласында технологиялық жабдықтау бойынша ауқымды өзгерістер жасалуда. Әлемдік стандарттарға сай жоғары технологиялар, балалар ауруларын емдеудің жаңа әдістері енгізілуде. Балалар онкологиясы және гематология, кардиохирургия және өзге де салалар дамып келеді. Балалардың онкогематологиялық ауруларын емдеудің қазіргі заманғы бағдарламалары енгізіліп, олардың аман қалу көрсеткішін 75% дейін арттыруға мүмкіндік берді. Гемопоэтикалық дің жасушаларының трансплантациясы енгізіліп, өмірлеріне қатер төндіретін дерттерге шалдыққан балалардың сауығуы арта түскен. Бұдан басқа жүрек қан тамырлары жүйесінің туа біткен даму ақауларын түзетуге бағытталған хирургиялық оталар жасалынып, Астана мен Алматының ғылыми орталықтарында ашық жүрекке операциялар, жүрек ауруларын интервенциялық, кіші инвазивті әдістермен емдеу қалға алынғанын айта кетуіміз керек. 2012-2014 жылдары республикада балаларға дәл осындай 6180 ота жасалған.

Республикалық бюджеттен сирек кездесетін, тұқым қуалайтын ауруы бар балаларды ферментті-алмастырушы терапиямен қамтамасыз ету мәселелері оң шешімін тауып келеді. Балалар денсаулығын сақтаудағы жетістіктердің бірі – неонатологияда жоғары мамандандырылған көмекті дамыту. 2010 жылмен салыстырғанда қазір 1000 граммнан төмен салмақпен дүниеге келген нәрестелердің аман қалу көрсеткіштері 1,8 есеге артқаны белгілі.
Молекулярлық-генетикалық бірегей зерттеулер, гемопоэтикалық дің жасушаларын сақтау, болашақта донорлардың мәлімет қорын жасауға мүмкіндік беретін HLA-типтеу жүйелері енгізіліп, іске асырыла бастады. Айта кету керек, осындай инновацияларды енгізу нәтижесінде жағдайлары ауыр науқастарды шетелдерге жіберу қажеттілігі азайып, балалардың көпшілігі өз елімізде жоғары мамандандырылған көмек ала бастады. Нәрестелер өлім-жітімі 2008-2013 жылдар аралығында 2 есеге азайған. Әлемнің озық клиникаларында оқып, білім алған жоғары білікті жас мамандар даярлықтан өтті. Біліктілікті арттыру курстары, «шеберлік-сыныптары», қашықтықтан жүргізілетін «теледәрістер» арқылы дәрігерлерге дипломнан кейін кәсіби білім беру жүйесі жолға қойылды.
Республиканың педиатриялық қызметінің көшбасшысы ретінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының қызметі әлемдік педиатрия жетістіктерін насихаттауға және өңірлердегі медициналық ұйымдардың педиатриялық қызметіне қолдау көрсетуге бағытталған. Сондықтан, бұл жолғы конференция Оңтүстік Қазақстан облысында өткізілуде. Бұл өңірде балалар саны ең көп, тиісінше республикалық демографиялық, статистикалық көрсеткіштерге әсер етеді. Соңғы жылдары мұнда көп бейніді облыстық балалар ауруханасы ашылып, соның базасында онкогематология, нейро және неонатальды хирургия бөлімдері жұмыс істей бастады, туа біткен жүрек ақаулары бар балаларды хирургиялық жолмен емдеудің заманауи технологиялары енгізілді.