Өзектi

2019 жылдан бастап мектеп түлектеріне мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін техникалық білім беріледі

25.09.2014

7149

2019 жылдан бастап мектеп түлектеріне мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін техникалық білім беріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Таһир Балықбаев айтты.
«Бүгін Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасы Елбасының «Қазақстан 2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арналған Жолдауында жарияланған бірқатар тапсырмаларды орындау мақсатында дайындалған. Заң жобасындағы негізгі өзгерістер білім саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді көтеруге, жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігіне, мамандар даярлаудың практикалық бөлігін күшейтуге және басқа мәселелерге арналады», - деді ол

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бұл заң жобасы үш заңнамаға өзгеріс енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, Еңбек кодексіне, Білім туралы заңға және Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдар туралы заңына 119 өзгеріс енгізілетін болады.

«Ең негізгі өзгерістерді атап өтер болсам, ең алдымен техникалық және кәсіби білімді алғашқы рет тегін жұмысшы мамандығына қамтамасыз ету кепілдігі берілетін болады. Осындай ұсыныс енгізілуде. Бұл жерде айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда біздің мектептер 11 сыныпты бітірген түлектердің 25 мыңнан 30 мыңға дейінгі бала жоғары оқу орындарымен де, колледждермен де қамтылмаған. Сол себепті олар еңбек нарығына мамандықсыз шығады. Сондықтан олардың еңбек ету мүмкіндігі төмен», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, осыған орай Елбасы мектеп түлектеріне мемлекет тарапынан кепілдендірілген техникалық білім беру тапсырмасын жүктеген болатын.

«Осы мәселені қазір біз заңға енгізіп жатырмыз. Ол біртіндеп енгізілетін болады. Келесі жылдан бастап бюджеттен қаржы да бөлінбек. 2019 жылдан бастап толығымен енгізілетін болады», - деді Т.Балықбаев.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар