Өзектi

Ғылыми кадрларды даярлау орталығы іске қосылды

18.09.2014

7016

Дүйсенбі күні «Ғылым ордасында» республика ғылыми ұйымдарындағы магистратура мен PһD докторантурасының эксперименталды оқу бағдарламасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және ғылыми-зерттеу институт­тарының басшылары мен жоғары оқу орындарының ректорлары, беделді қоғам қайраткерлері, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, жетекші ғалымдар, магистранттар, PһD докторанттары қатысты.

Аталмыш шара «Ғылым ордасы» РМК базасында, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ғылыми-зерттеу институттары мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірлесуі нәтижесінде ғылыми кадрларды дайындау бағдарламасы аясында тұңғыш рет жүзеге асырылуда. Өйткені, биылғы 23 шілдеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ғылыми ұйымдары жетекшілері арасында ғылым мен білімнің интеграциясы туралы Бас келісімге қол қойылған болатын. Бұл жоба әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 10 академиялық институтына ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап сынақ ретінде 100 магистрант пен 48 PһD докторын бірлесе дайындауға мүмкіндік береді.

Сөйтіп, қазақстандық жастарға алғаш рет ғылыми дәстүрлер мен білім берудің заманауи стандарттарын ұштастырған академиялық және ғылыми дәреже алудың бірегей мүмкіндігі ұсынылып отыр. Осы орайда бұл бағдарламалардың өзіндік ерекшелігі мен бірегейлігі – олардың танымал ғылыми мектептерді басқарып отырған және зерттеу саласында үлкен тәжірибесі бар профессор­лардың авторлық бағдарламасы болуында болып отыр.

Жиналыстың ашылуында сөз алған ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз сөзінде: «Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Өйткені, жас магистранттар мен докторанттар ғылым мен білімнің қара шаңырағы – Ғылым ордасының табалдырығын аттауда. Бұл мәні мен мазмұны терең бірегей жобаны іс жүзіне асыруда ғылым ордасының, ғылыми-зерттеу институттары мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ көп жұмыс атқарды. 2050 жылы әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 30 елінің қатарына енуіміз керек десек, мақсатты межеге жету – ғылымды әрі қарай жетілдіретін жас ғалымдарсыз мүмкін емес. Сондықтан біз бүгін осы бағдарламаны іске қосуды қолға алдық. Бұл – ғылымды дамытуға үлес қосатын жаңа инновациялық жоба. Сонымен қатар, магистранттар мен докторанттарға айтарым – бірінші болу қашанда қиын, жауапты, әрі құрметті іс. Сіздерге қарап қоғамның, біздің ғалымдары­мыздың пікірі ғана емес, болашақ түлектердің де пікірі қалыптаспақ. Демек, бағдарламаның абыройы сіздердің мойындарыңызда. Себебі, бұл тарихта қалатын болашақтың жобасы», – деп атап көрсетті.

Келесі кезекте сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ ғылымының флагманы екені баршаңызға аян. Ол Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де үлкен беделге ие. Мұнда магистранттар мен докторанттар саны басқа оқу орындарымен салыстырғанда екі есе көп. Бізде жылдар бойы қалыптасқан ғылыми база мен жоғары дәрежелі ғалымдар бар. Сондықтан осы ғылым мен білімнің бірігуінен жоғары нәтиже күтуге құқылымыз», – деді.

Бұдан әрі өз сөз сөйлеген ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов, БҒМ ҒК Математика және математикалық модельдеу институтының директоры Тынысбек Кәлменов, БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов, БҒМ ҒК Филосифия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шаукеновалар жас ғалымдарды құттықтап, ақ жол тіледі.

Алтынай ӘУБӘКІРОВА, «Ғылым ордасы» РМК-ның бас маманы.

Дереккөзі: almaty-akshamy.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар