Жамбыл облысындағы Меркі май-ірімшік зауыты сүттен бөлінетін сарысудан құрт жасап, тұтынушыға ұсына бастады. Әдетте, көптеген өңдеушілер сол сарысуды керек қылмай босқа төгеді. Ал меркілік технологтер құрт жасап, бұл өнімнің денсаулыққа өте пайдалы екенін дәлелдеп, өнімдеріне өнертапқыштығы жөнінде патент те алған. Меркі май-ірімшік зауытының өндіретін сыры кезінде дәмділігімен аты Кеңес одағына тараған. Бүгін де 70-тен астам өте сапалы сүт өнімдерін шығарады. Бұл кәсіпорынның өнімдерінің ерекшелігі оның таза табиғи екенінде. Сыр өндірісі кезінде технологиясына байланысты сарысу көп бөлінеді екен. Людмила Голенцова, бас технолог:
- Сүтті өңдеген кездегі шығатын сарысуды ертедегідей төгіп тастамаймыз. Біз үшін ол қазір ең құнды шикізат болып тұр. Құртты тек сол сарысудан аламыз. Әрине, технологиясына байланысты біраз қоспа араластырамыз. Бұл – біздің өзіміз ойлап тапқан технологиямыз, ноу-хау. Технологтердің түсіндіруінше, сүтті өңдеген кезде дәрумендерінің жартысы сарысуда қалады екен. Үйде жасалатын құртқа қарағанда, ірімшік зауытының құртының айырмашылығы бар. Дастан Айтүленов, ірімшік зауытының директоры:
- Біз дәрумендердің барлығын сүзіп аламыз. Біздің өнім құрамындағы дәрумен жай құрттан 10-20 есеге көп. Бірақ, бір түйткілді жағдай бар. Мұндай құртты шығару үшін сүтті көп көлемде өңдеу керек екен. Ол тек жаз кезінде ғана мүмкін болып тұр. Күзден бастап қолдағы сиыр суалғанда, зауытқа сүт өткізушілер азаяды. Сол үшін ірімшік зауыты 520 гектар жер алып, өзі тауарлы сүт фермасын ашпақ. Дастан Айтүленов, ірімшік зауытының директоры: - Келесі жылы 150-200 сиырға арналған қоражай соғамыз және сүтті сиырлар алатын шарт жасасып қойдық. Оған керекті ақшаны «ҚазАгроҚаржы» корпорациясынан аламыз деп отырмыз. Ірімшік зауыты көрші ауданның ауылдарынан да сүтті қабылдау үшін үкіметтің қолдауымен сүт сақтайтын мұздатқыш танкерлер сатып алыпты. Келесі жылы көбірек өнім шығармақшы.
Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Тимур Сейілхан
Источник: http://24.kz/kz