Өзектi

ҚазҰАУ: жаңа мүмкіндіктерге қадам

10.09.2014

7075

Ағымдағы жылдың 8 қыркүйек күні университетіміздің ректорат залында шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» РМК Байқау кеңесінің отырысы болып өтті.
Жиынның күн тәртібінде Байқау кеңесі мүшелерін ұсынып, кеңес төрағасын сайлау, ҚазҰАУ құрылымдық ұйымдастыру жұмысын бекіту, Байқау кеңесінің іс жоспарын бекіту және 2011-2014 жылдарға арналған университет қызметінің есебін тыңдау мәселелері қаралды.
Жиынға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, сөз сөйлеп, нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Білім және ғылым министрі Байқау кеңесінің жаңа құрамы мүшелерін ұсынып, кеңес төрағасы болып бірауыздан Амандық Ғаббасұлы сайланды.
Отырыс барысында ҚазҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлы Есполов оқу орнының 2011-2014 жылдарға арналған есебін баяндап, университет қызметі жайында жан-жақты ақпар берді. Ректоры өз сөзінде: «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылы 22 маусымда қабылданған қаулысына сәйкес Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Байқау кеңесі жұмыс атқарып келеді. Оның назары университетімізде атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығын, жоғары нәтижелілігін, үкімет, қоғам және бизнес-құрылымдарымен ара-қатынастарымыздың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталды.
Осы жауапты мерзімде Байқау кеңесінің жаңа құрамы университетіміздің заман талабына сәйкес зерттеу университеті болып қалыптасуына, еліміздің экономикасын инновациялық жолмен дамуына үлесін қосатын білікті мамандар дайындаудың білім беру жүйесін қалыптастыруға салмақты үлес қосады деген сенімімді білдіремін.» - дей келе соңғы 4 жылда университет ғалымдары жалпы сомасы 1 млрд. теңгені құрайтын 236 ғылым-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобалардың жүзеге асуына атсалысты, 38 монография, 131 ғылыми жоба ұсыныстары жасалып, 67 патент алынғандығын атап өтті.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университеті өзінің стратегиялық бағыты негізінде ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялану үрдісін жүзеге асыруда. Бүгінгі күні қоғамның қай саласында болмасын жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде. Бұл ретте еліміздің ауылшаруашылығына да мемлекет тарапынан жаңа міндеттер жүктелуде. Сондықтан да ауылды көркейтуде, ауыл шаруашылығын өркендетуде білікті мамандар мен тәжірибелі ғалымдарға деген сұраныстың уақыт өткен сайын жоғарылап келе жатқандығын атап өтуіміз керек.
Бұл ретте университеттің заман талабына сай жасап келе жатқан жаңа қадамдары білім сапасы мен ғылыми жетістіктердің артуына зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жиын соңында еліміздің Білім және ғылым министрі А. Бекенов Қазақ ұлттық аграрлық университетінің білім сапасын арттырудағы қызметіне жоғары бағасын беріп, оқу орнының инновациялық бағыттағы дамуына барынша қолдау білдіретіндігін атап өтті.

ҚазҰАУ Баспасөз қызмет

Дереккөзі: http://www.kaznau.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар