EXPO-2017

Алматыда сәтті аяқталған ота талайдың үмітін оятты

10.09.2014

7742

Алматыда дәрігерлердің іштен есту қабілетінсіз туған 10 жасар балаға жасаған отасы сәтті аяқталды. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.
Тарата айтар болсақ, дәрігерлер осыдан 1 ай бұрын «бонбридж» құрылғысын алғаш рет пайдаланып, дүниеге құлақ қуысынсыз келген 10 жасар балаға ота жасаған. Нәтижесі жаман емес көрінеді. Қазір жеткіншек түрлі дыбыстарды анық ести бастаған.
Жаратылысынан есту қабілеті жоқ ол осыдан 1 ай бұрын анасымен Алматыдағы №5 қалалық ауруханада ем алып, құлағына ота жасатқан болатын. Себебі, дәрігерлер оған «сыртқы есту жолының атрезиясы» деген диагноз қойған. Яғни, жеткіншекте табиғи құлақ қуысы болмаған.
Жалпы, мұндай ота Алматыда алғаш рет жасалыпты. Аталған күрделі отаны еліміздің мамандары ресейлік әріптестерімен бірлесе атқарған. Дәл осы «бомбридж» аппаратын қолдану арқылы есту қабілетін жақсарту Ресей тәжірибесінде бір емес, бірнеше рет пайдаланылыпты.
Санкт-Петербург ғылыми -зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Хасан Диаб Мұхаммедәли: «Бұл отадан соң асқынулар мен қауіп-қатер барынша азаяды. Қауіп-қатер мүлде жоқ.. Өйткені, имплант, құлақтың ішкі құрылымына кедергі келтірмейтіндей етіп сүйек бөлігіне енгізіледі», – деді.
Бұл ота еліміз бойынша алғаш рет жасалғандықтан, дәрігерлер жасөспірімнен ақы талап етпеген.
Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Майя Большанова: «Ота жасатқан бала енді әнұран тыңдай алады.Кез келген дыбыстарды естиді. Бұл өте керемет. Алдағы уақытта мұндай оталарды жасауға болады. Мүмкіндігіміз бар», – деді.
Соңғы деректерге қарағанда, жыл басынан бері сыртқы құлақ жолы атрезиясы аурына 20 адам душар болған. Алғашқы сынақтан сүрінбей өткен дәрігерлер енді мұндай отаны ойланбай жасауға дайынбыз деп отыр.

Авторы Жолдыбай Базар.

Дереккөзі: http://egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар