Өзектi

Назарбаев Университеті мен «Самұрық-Қазына» қоры бірнеше бағытта бірлесіп жұмыс істемек

08.09.2014

6872

Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу Қор мен оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Самұрық-Қазына» қоры мен Назарбаев Университеті өзара меморандум әзірлеп, осы құжатқа бүгін қол қойдық. Меморандум бойынша біздің нақты әріптестік бағыттар анықталған. Біріншіден, ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестігіміз, екіншіден, білім беру бағытындағы серіктестік, үшіншіден, ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық шаралары қамтылған», - деді Ө. Шөкеев.
Оның сөзіне қарағанда, «Назарбаев Университетінің» интеллектуалды-инновациялық кластерін дамыту аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның корпоративтік ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарланып отыр. Орталық химия өнеркәсібі, металлургиялық өнеркәсіп үшін шикізат өндіру, жасыл энергетика, жасыл құрылыс, қуатты үнемдеу мен өндірісті арттыру ісімен шұғылданады. Ынтымақтастықтың мұндай түрі ғылым мен бизнестің өзара қарым-қатынасын жолға қойып, ғылыми нәтиже мен ұлттық компаниялардың инновациялық-технологиялық әлеуетін арттыратын зерттеу инфрақұрылымын жасауға мүмкіндік береді.
Мұнымен қоса, Университет жанынан Executive Education бағдарламасын ұсынатын және бизнес саласына зерттеу жүргізетін орталық құру жоспарлануда. Бұл орталық Қор қызметкерлері үшін ашық тіркелімдегі, әрі тәмадағандарға дәреже беретін корпоративтік бағдарламалар жасап, ұсынады. Сондай-ақ, Университет бітірушілер Қор құрамына кіретін компанияларда тәжірибеден өтіп, жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту үшін өнімділігі жоғары есептегіш ресурстар жасалып, Университеттің Жоғары бизнес мектебінің ағартушылық бағдарламаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетілетін болады.
Өз кезегінде Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу аталған құжатта бірлескен ынмытақтастықтың нақты салалары қамтылғанын атап өтті. «Самұрық-Қазына» қоры мен Университет арасындағы меморандумға сәйкес, оқу орнының ғалымдары бұл ынтымақтастыққа тиісті үлес қосады деген сенімдемін»,- деді ол.
Белгілі болғандай, меморандумды жүзеге асыру үшін бес жылдық мерзімге жол картасы жасалады. Жол картасының іске асырылуын «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Назарбаев Университеті» ДБҰ өкілдерінен құралған Бақылаушы комитет қадағалайтын болады. Атап айтқанда, тараптар Назарбаев Университеттің интеллектуалды-инновациялық кластерін дамытуды; Қордың, соның ішінде еншілес және тәуелді ұйымдардың (Executive Education Center) жетекші қызметкерлері үшін ағартушылық бағдарламаларды іске асыруды; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен Университеттің Жоғары бизнес мектебін бірге дамытуды көздейді.

Дереккөзі: http://www.inform.kz/kaz/article/2694023

«« | »»
Соңғы жаңалықтар