Өзектi

Ақтауда күн энергиясы станциясының жобасы таныстырылды

04.09.2014

6586

Жақында Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин «Empereal» компаниясының өкілдерімен кездесті.Басқосуда компания өкілдері күн энергиясын тиімді пайдалану технологиясын таныстырды.
Жиынға «Empereal» компаниясының құрылтайшысы Фэйсел Алашадхи, «Empereal» компаниясының негізін қалаушысы Манож Дивакаран, компанияның Қазақстандағы өкілі Нұржан Қожамұратов, «Ақ жол» партиясы төрағасының халықаралық мәселелер мен инвестиция жөніндегі орынбасары Ерлан Барлыбаев, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев және құзырлы орган басшылары қатысты.
«Empereal» компаниясының негізін қалаушысы Манож Дивакаран Ақтауда іске асырылуы мүмкін күн энергиясын пайдалану технологиясының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Оның айтуынша, шамамен 140 га көлемінде жер учаскесіне орналасатын зауыт күн сәулесін пайдалану арқылы қуаты 50 МВт электр энергиясын, тәулігіне 10 мың куб метр тұщытылған су өндіре алады.
Жобаны іске асыру барысында Ақтаудың қатаң климатына байланысты осы тектес қондырғыларға қарағанда 20 пайыз көп энергия қуатын өндіретін «жұқа қабыршақты» технология пайдаланылуы көзделген. Зауыттың толық жұмыс жасау кепілдігі 25 жылды қамтыса, бастапқы 20 жылда зауыт компанияның басқаруында болып, кейін ақысыз мемлекет меншігіне беріледі. Ширек ғасыр аралығында зауыт қондырғыларын жаңғыртып немесе жөндеп тағы да станцияның 20-25 жыл жұмыс жасау мерзімін ұзартуға болады.
Тұщытылған су құны максимум 1 тоннаға 2,0 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Сондай-ақ, зауыт жобасының орналасу аймағы мен су тұщыту шығынына байланысты 1,0 АҚШ долларына дейін баға төмендеуі ықтимал.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 85,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ал, жалпы салынған инвестицияның қайтарымы 8-9 жыл. Зауыт 150 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.
Сонымен қатар, Манож Дивакаран жергілікті жоғары оқу орнымен келісімге отыру арқылы арнайы ғылыми орталық ашып, қаржыландыруға мүдделі екендігін айтты. Бұл өз кезегінде жергілікті кадрлардың қалыптасуына оң ықпалын тигізбек.
Компания өкілі аталған жобаның іске асырылуы үшін жер телімін жалға алу, екіжақты әріптестік ниеті туралы меморандумға қол қою, зауыт орнын анықтап, егжей-тегжейлі жобасын жасақтау, өнімді пайдалану келісімін жасау міндеттемелерін атап өтіп, тиісті құжаттардың бір терезе қағидасымен рәсімделуіне көмектесуді сұрады. Зауыттың құрлысын 12 айда іске асыруға болатындығын айтты.
Еділ Терекбайұлы бұл жобаның Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «жасыл экономиканы» дамыту, альтернативті энергия қуатын тиімді пайдалану сынды тапсырмаларын іске асыруға, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мақсатына сай келетінін атап өтті. Бастысы – бұл инновациялық технологияның қоршаған ортаны ластауды болдырмауына, тарифтерді тұрақты ұстауға, қаланың жаңа шағын аудандарын дамытуға ықпал ететініне назар аударды.
Сонымен қатар, кездесу барысында компанияның негізгі қызметі мен жетістіктері туралы ақпарат тыңдалып, тараптар Ақтауда салынуы мүмкін зауыттың өндірістік қабілеті, технологиялардың сапасы, жергілікті ауа-райына төзімділігі жайын талқылады.
Қала әкімі зауыттың жылу, ауыз су және электр қуатын өндіруінен байланысты оны қаланың қай аумағына орналастыру мүмкіндігі бар екенін айтып өтті. Сондай-ақ, суды тұщыту барысында тұздылығы литріне 5 граммды құрайтын «Құйылыс» су каналын құбырларын пайдалануға болатынын атап өтті.
Кездесуді қорыта келе, қос тарап әріптестік байланыстарды нығайтып, жобаның іске асырылу мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.
Бұдан кейін Еділ Жаңбыршин компания өкілдерімен және құзырлы мекеме басшыларымен бірқатар өндіріс орындарын аралап, жобаның жан-жақты тиімді орналасу аумағын қарады.

Дереккөзі: aktau.gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар